Украинадағы босқындар саны алты миллионнан асып кетті

Әлем назары көз тіккен Украинадағы қақтығыстың тыйылар түрі жоқ. Жауласқан тараптардың атыс-шабысынан  Азовсталь, Харьков пен Чернигов қалаларында адам шығыны тіркелді. Десе де бейбіт халықты эвакуациялау шарасы тоқтатылған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туған жерінен бас сауғалап қашқан босқындардың саны күн өткен сайын артып барады. Ал, АҚШ Украинаға қолдау көрсету мақсатында ленд-лиз заңына қол қойды. Одан бөлек елдің палата өкілі Украинаға құны 40 млрд доллар көмектің жаңа пакетін мақұлдады. Германия да әскери техника жағынан  көмегін аямайтынын мәлімдеді.

Осы аптада Ресей күштері Мариупольдегі Азовсталь зауытында қайта шабуыл жасады. Атыс-шабыс зауыттан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау аяқтала салысымен басталған. Өндіріс ошағынан бұл жолы 175 адам шығарылған. Олар Украина күштерінің қарамағындағы Запорожье қаласына жеткізілді.

Қазір зауытта 1 мыңнан аса жауынгер мен тағы 500-дей жаралы сарбаз бар. Азов полкі жараланған сарбаздардың суреттерін жариялады. Осыған байланысты полк командирлері БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымынан оларды қауіпсіз жерге көшіруге көмектесуді сұрайды. Украина билігі Ресей тарапына Азовстальдағы жаралы сарбаздарды әскери тұтқындарға айырбастауды ұсынды. Ал, Мариуполь қаласының мэрі аймақта әлі нақты қанша бейбіт тұрғын бар екенін анықтау керек дейді.

Вадим Бойченко, Мариуполь қаласының мэрі:

Біз атысты тоқтату режимі сақталса ғана зауытта бейбіт тұрғындардың бар жоғын анықтай аламыз. Өндіріс орнында кескілескен шайқас адамдарды эвакуациялау аяқтала салысымен қайта басталды. Зауытты зеңбіректен және әуеден бомбалап жатыр. Әскери кемелер де атқылауда.

Ал Харьков облысындағы эвакуациялау шарасы сәтсіз аяқталды. Старый Салтов ауылынан шыққан 15 көліктегі 4 бейбіт тұрғын атыс кезінде қаза тапты. Олардың арасында балалар да бар.

Батальон командирі:

Бұл эвакуацияланбақ болған біздің бейбіт тұрғындарымыз. Өкінішке қарай атыс басталғанда олар балаларымен бірге болған. Автоматпен атқыланыпты. Бір көлікке пушка тиген. Мүмкін танк болған шығар. Мерт болғандар аз емес.

Жуырда Ресей әскері Чернигов қаласына да әуеден соққы жасады. Салдарынан 3 адам мерт болып, 19-ы жарақат алды. Атылған зымырандар аймақтағы екі мектептің тас талқанын шығарған.  Жалпы қарулы қақтығыс басталғалы оқу орындары мен мектептерде сабақ тоқтады. Бір ғана Харковь облысында 75 мектеп жермен жексен болды. Бірақ мұғалімдер балаларды метро мен жертөлелерде оқытып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Бүгін түнде олар Чернигов қаласын атқылады. Шаһардың мектептерін жарып жіберген. Ресейдің Украинадағы мектептерді қиратқандағы көздегені не? Бұндай бұйрық берген командирлердің естері ауысқан шығар. Біз жерімізді жаудан азат еткенше соғысамыз.

Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Украина күштері қарсы шабуылға көшіп, Харьков облысындағы аудандарды азат ете бастаған. Ресей күштерінің бірнеше аптаға созылған шабуылы еш нәтиже бермегенін айтады. Дегенмен ақпарат құралдары Украина күштері Одесса аймағындағы Змеиный аралын қайтарып алуға тырысып көп шығынға ұшырағынын хабарлады. Арал үшін шайқаста 30-ға жуық жауынгерінен айырылған. Ресей Қорғаныс министрлігі де бұл ақпаратты растады.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Киев режимі Змеиный аралын қайта қайтарып алуға бағытталған мәнсіз әрекеті барысында үш Су-24 және бір Су-27 жойғыш әскери ұшағынан айырылды.  Тағы 9 тікұшақ атып түсірілді. Оның үшеуінің бортында десант болды. Осымен қатар 3 катері жойылды.

Қауіпті болса да, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау қоса қабат жүріп жатыр. БҰҰ-ның мәліметі бойынша Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 8 млн-ға жуық тұрғын ел ішінде қоныс аударса, 6 млн-нан астамы өзге елдерге босып кеткен. Жуырда Лиман, Северск пен Новосёловка елді мекен тұрғындары аймақтан шығарылды.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесі Украинадағы жағдайды тексеретін арнайы комиссия құрды. Қарар ұйымның кезекті отырысында мақұлданды. Енді мамандар Киев, Чернигов, Харьков пен Сумы облыстарында адам құқығының бұзылу фактісін жіті тергейтін болады. Ал, АҚШ-тың Ұлттық барлауы Украинадағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін деген болжам жасайды. Пентагон болса аймақтағы жағдай келесі айларда  қазіргіден бетер шиеленісуі ықтимал дейді.