Украинаның Мариуполь қаласында әскерилерді эвакуациялау жүріп жатыр

Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» комбинатынан әскерилерді эвакуациялау операциясы жүріп жатыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша олар аймақтан 10-ға жуық автобуспен Новоазовск қаласына шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өздерін республика деп жариялаған Донецк облысындағы шаһар. Әзірге эвакуацияланғандардың нақты саны белгісіз. Құтқару операциясы  Мәскеумен келісіліп, гуманитарлық дәліз ұйымдастырылған. Жарақат алған 53 әскери Новоазовскідегі ауруханаға жатқызылды. Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр тағы 211 адам Оленевка қаласына жеткізілгенін хабарлады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Мариупольдегі жағдайға келсек. Украина әскері, барлау қызметі мен өзге де әскери мамандардың арқасында, сонымен қатар, Халықаралық Қызыл Крест пен БҰҰ-ның көмегімен отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға әрекет жасап жатырмыз. Олардың арасында ауыр жарақат алғандар да бар. Мариупольдегі құтқару операциясы жалғасып жатыр. Бұл жұмыстың толық аяқталуына уақыт пен тыңғылықты дайындық қажет.

Түрлі деректерге қарағанда 82 күн бойы ұрыс жүргізген зауытта әлі шамамен 600-ге жуық сарбаз бар. Арасында жараланғандар аз емес. Ал, бейбіт тұрғындар зауыттан осы айдың басында эвакуацияланған болатын. Ал, Мариуполь қаласының жағдайы өте қиын. Атыс-шабыстан шаһардың тасталқаны шыққан. Аймақтағы қақтығыстан ондаған мың адам қаза тапты.