Пәкістандағы қуаңшылық соңы аштыққа ұласуы мүмкін

Пәкістандағы қуаңшылық соңы аштыққа ұласуы мүмкін

Жергілікті экологтар осылай дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде сәуір айынан бері аптап ыстық басылмай тұр. Ауа температурасы әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Мамандар сұмдықтың бәрі алда дейді. Осы аптаның соңында ауа температурасы 50 градусқа дейін жетеді деген болжам бар. Ал фермерлер қазірдің өзінде шаш-етектен шығынға батқандарын айтады. Қуаңшылық кесірінен егіс алқабының көбі күйіп кеткен. Мәселен, Кунри қаласы Азия бойынша қызыл бұрыштың отаны саналатын. Алайда құрғақшылыққа байланысты биыл өнім аз жиналған. Лимон мен манго өсіретін шаруалар да зар илеп отыр. Жергілікті жұрт бау-бақша тұрмақ, өзіміз ішетін қара судың өзі тапшы болып тұр дейді.

Рафиул Хак, эколог:

– Үндістан шекарасына жақын орналасқан Пенджаю және Синд провинцияларында судың тапшылығы өткір сезіліп отыр. Керек десеңіз, мұндағы тұрғындар ішуге су таппай қалып жатады. Бізде жаңбыр аз жауады. Бұрындары аштық туралы естігеніміз бар. Бүгінде бізге сол ашаршылық қаупі төніп тұр.