НАТО Швеция мен Финляндияны қабылдай ма?  

Zakon.kz

Осы аптада Швеция мен Финляндия НАТО ұйымына кіруге ресми өтініш жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

18 мамырда осы екі мемлекеттің елшілері ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенбергке тиісті құжаттарды тапсырды. Ұзақ жылдар бойы бейтарап саясатты ұстанған Швеция мен Финляндияның мұндай қадамға баруына Украинадағы соғыс себеп болды. Енді құжатты 30 мемлекеттен тұратын НАТО Кеңесі талқылайды. Одақтастардың көбі Швеция мен Финляндияның бұл шешімін қолдап отыр. Тек Түркия қарсы. Режеп Тайып Ердоған шарт қойды. Стокгольм бірінші кезекте ресми Анкара «қара тізімге» қосқан «Күрдістаның жұмысшы партиясын» террористік ұйым деп тануы тиіс және Түркияға қару-жарақ экспорттауға  салынған тыйым алынып тасталуы керек. Экстремистік күштермен күресті күн тәртібіне қою талабын түрік басшысы Финляндия президенті Саули Ниинистеге жеткізді. Ал Швеция мен Финляндия Түркиямен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл туралы қос елдің басшысы Вашингтонда президент Джо Байденмен кездесуде мәлімдеді.

Саули Ниинистё, Финляндия президенті:

Түрік басшылығы біздің НАТО-ға мүше болу туралы өтінішімізге алаңдаушылығын білдіріп отыр. Финляндия мен Түркия үнемі жақсы қарым-қатынаста болған. Біз лаңкестіктің барлық түрін айыптап, онымен белсенді түрде күресіп келеміз. Сондықтан альянсқа мүше болуымызға қатысты алаңдатып отырған кез-келген мәселені талқылауға дайынбыз.

Магдалена Андерссон, Швеция Премьер-министрі:

– Швеция 200 жылға созылған бейтараптықтан кейін жаңа бағытты таңдап отыр. Өткен күні Швеция мен Финляндия НАТО-ға мүше болуға өтініш берді. Бұған біздің көрші тәуелсіз, демократиялық елге жасалған әскери шабуыл итермелеп отыр. Сондықтан үкімет швед халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы НАТО-ҒА мүше болу деп шешті.