Пәкістанға құрғақшылық қаупі төнді

Пәкістанға құрғақшылық қаупі төнді

Күн шыжып тұр. Кей аймақта сынап бағанасы 50 градусқа дейін жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауа райының қолайсыздығынан елге су тапшылығы мен азық-түлік дағдарысы қаупі төнген. Ауыл шаруашылығына келер зардап та орасан болуы мүмкін. Өйткені аптаптан мал қырылып жатыр. Аймақтағы ыстық басылмаса, таудағы қар мен мұз еріп, су тасқыны жүреді деген болжам бар.

ҚАРЛЫ БОРАН СОҚТЫ

Австралияда қарлы боран соғып, жасыл құрлық жұртын әбігерге салды. Австралияның Тасмания штатындағы таулы аймақта ат құлағы көрінбейтін боран соқты. Салдарынан электр бағаналары құлап, мыңдаған адам жарықсыз қалды. Жапалақтап жауған қардан 8 альпинист адасып кеткен. Сөйтіп олар құтқару қызметіне телефон шалып, мамандар келгенше, қойтастарды паналаған. Қазір бәрі ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, кейбірі суықтан қатты тоңып қалған. Аймақтағы дауылдың қашан басылатыны белгісіз. Суық фронт елдің солтүстігіне қарай бет алған. 

АПТАП АЛҚЫМНАН АЛДЫ

Жасыл құрлықта ақтүтек боран соқса, Испанияда аптап алқымнан алып тұр. Бірнеше күннен бері термометр 42 градустан төмендемей тұр. Бұл кейінгі 20 жылда болмаған жағдай. Синоптиктер ми қайнатар ыстық алдағы күндері де жалғасады деп дабыл қақты. Сондықтан аптапта күн тиіп, естен танып қалмас үшін далада серуендеуді азайтуға нұсқау беріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, ыстықта үйде жан сақтап отыру мүмкін емес. Тіпті көлеңкенің өзінде байыз тауып тұру қиын дейді.

Шыдау мүмкін емес! Күн деген күйіп тұр. Ыстық басылғанша, су ішіп, салқындаудан басқа амал жоқ.

Үйде қалу да, көшеге шығу да Қазіргі ыстықта мүмкін емес, Көшеге шыға алмайсың. Кондиционерсіз отыра алмайсың.

АҚШ-тың оңтүстік-шығыс бөлігінде де бұрын-соңды болмаған ыстық орнады. Аризона мен Невада штаттарында демалыс күндері 50 градусқа жетті. Жұрт күн көзінен қорғанудың амалын іздеп әлек. Былтыр Аризонадағы округтердің бірінде аптаптан 300-ден астам адам бақилық болған еді.

СУ ТАСҚЫНЫ ЖҮРДІ

Ал Қытайда нөсер құйып, елдің оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономды ауданы су астында қалды. Құтқарушылардың айтуынша, тоқтаусыз жауыннан 21 өзеннің деңгейі көтерілген. Көптеген үйлерде электр жарығы өшіп, егістікті су басқан. Қауіпті аймақта қалып қойған тұрғындар көшіріліп жатыр. Билік өкілдері келтірген дерекке сәйкес, маусымның басынан бері осы өңірде табиғи апаттардан 1,5 миллиондай тұрғын зардап шеккен. Ал оларға қол ұшын созу үшін бюджеттен шамамен 3 миллион доллар бөлініпті.