Маймыл шешегі қаншалықты қауіпті?

Әлемде маймыл шешегін жұқтырғандар саны 3 жарым мың адамнан асты. Бір науқас көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жалпы бұл ауру 50 елде анықталған. Мамандар түрлі мутацияға ұшыраған маймыл шешегі 12 есе жылдам таралатынын алға тартады. Бұл вирус қаншалықты қауіпті?

Маймыл шешегі биыл ойда жоқта өршіді. Зерттеушілер қазір бұл вируста 50-ге жуық жаңа мутация барын айтады. Олар бұрын байқалмаған. Тез тарап жатқанының сыры да осында. Десе де, жақында ғана шұғыл жиналыс өткізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегін індет деп атаудан бас тартты. Өйткені ол халықаралық деңгейде қауіп төндіріп тұрған жоқ. Бірақ мамандар "босаңсуға болмайды, вирустың таралуын үнемі бақылауда ұстау қажет" дейді. 

Ә дегенше маймыл шешегі Оңтүстік Кореяға жетті. Жұқтырған азамат осының алдында Германияға барып келген екен.

Пең Киоң-Рән, ауруларды бақылау және алдын алу агенттігінің комиссары:

- 2 азамат күдікке ілініп, оларға тест тапсырттық. Нәтижесінде бір адамнан маймыл шешегі анықталды. Біздің агенттік қауіпсіз вакцина салуды ұсынады. Сондай-ақ тұрғындардан тест алуды күшейтеміз.

Канада

Ал Канада билігі маймыл шешегіне қарсы вакцина салуды өткен айда бастап кеткен. Бірінші кезекте екпені вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдар алып жатыр. Бұл елде осы сәтке дейін 77 жағдай анықталды.

БЛИЦ

  1. Бұл вирустың тез тарап жатқанын жақсы білеміз Сондықтан вакцина салдыруға келістім. Алдын ала сақтанған дұрыс деп есептеймін.
  2. Екпе салдырып алдым. Енді ештеңеге алаңдамауға болады. Осылайша маймыл шешегіне қарсы күреске өз үлесімді қосып жатырмын. Менде 10 күн ішінде иммунитет қалыптасуға тиіс.

Испания

Маймыл шешегі Африкада басталғанымен, қазіргі ең үлкен ошағының бірі Еуропа болып тұр. Әсіресе жұқтырғандар Испания, Португалия мен Британияда көп. Бұл коронавирус індетінен қорқып қалған тұрғындар арасында белгілі бір деңгейде дүрбелең тудырды. Алайда мамандар алаңдауға негіз жоқ дейді.

Хулио Гарсиа Родригес, микробиолог:

Артық уайымның түкке қажеті жоқ. Маймыл шешегі ковид сияқты аса қауіпті емес. Сонда да біз технологиялық және ұйымдастыру жағынан бұл ауруға қарсы тұруға толық дайынбыз.

АҚШ

Маймыл шешегі Еуропа арқылы АҚШ-қа таралып жатыр. 10 штаттан 19 жағдай анықталған. Бірақ Америка билігі де бұл ауру адам өмірі мен денсаулығына соншалықты қауіпті емес дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірге әлем елдері арасындағы барыс-келісті шектеудің қажеті жоқ деп есептейді, бірақ сүтқоректі жануарлармен және кеміргіштерден сақтануға шақырады.

Ернат Қашқынов