Оқ астындағы оқу жылы – Украина

Украина үкіметі жаңа оқу жылының мерзімін бекітті. Елдегі қарулы қақтығысқа қарамастан бірінші қыркүйектен бастап украин оқушылары мектепке барып оқитын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дей тұрғанмен, оқу ордасының қауіпсіздігі сын көтермейтін болса, білім алу онлайн форматта жүргізілмек. Украина білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша биыл төрт жүз мыңға жуық оқушы мектепке келуі тиіс. Алайда елдегі қиын жағдай оқу бағдарламасына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Ең алдымен оқуды оффлайн форматта өткізу үшін оқу ордасы сапалы жертөлемен жарақталуы тиіс. Егер мектептің мұндай мүмкіндігі жоқ болса, оқушыларға сабақ онлайн форматта ұйымдастырылады. Қазіргі күні Киевтегі 422 мектептің техникалық жағдайы тексеріліп жатыр, дабыл кезінде бомбадан тығылатын баспанада автономды желдеткіш, екі есік, су және дәрі-дәрмек міндетті түрде болуы тиіс.

Елена Мостицкая, «Одесса заң академиясы» ұлттық университетінің ұстазы:

Екі ауысыммен оқу жағы да қарастылып жатыр. Бастауыш сыныптары түске дейін, жоғарғы сынып түстен кейін. Өйткені бір мектептің мыңдаған оқушысы бір мезетте жертөлеге сыймайды.

Ирина Милченько, ата-ана:

Бізге күнара оқу бағдарламасы ұсынылып жатыр. Өйткені Киевте жағдай тұрақталып, шет елге қашқан оқушылар біртіндеп келе бастаған. Бала саны көп, сондықтан бір сыныптың жарты оқушысы бір, келесі жартысы екінші күн оқуы мүмкін. Жағдай қиындай түссе, оқуды онлайн жалғастырамыз.

Орта мектеп пен балабақша үшін оқу жылы бірінші қыркүйектен басталса, университет тәлімгерлеріне Үкімет дәрісті он бесінші тамызда бастап кетуге кеңес береді. Өйткені университетте оқушы саны әлде қайда көп, сондықтан бір мезетте жаппай жертөлеге түсу қиындық туғызары сөзсіз. Оның үстіне қыстың да қалай болатыны белгісіз, оқуды ертерек бастап, қыстық демалысты бір айға дейін ұзарту жағы қарастырылып жатыр.

Елена Мостицкая, «Одесса заң академиясы» ұлттық университетінің ұстазы:

– Оқу жылында бізге төрт нұсқа ұсынылды: оффлайн, онлайн, ауысыммен оқу және уақытын өзгертіп оқу. Әр мектеп, балабақша және институт өзіне қалағанын таңдап алады. Балабақшада бала аз, сондықтан оған оффлайн форматы ыңғайлы болуы мүмкін. Университеттегі жағдай мүлдем бөлек.

Украина Президент әкімшілігінің мәліметі бойынша бес ай бойы жалғасып келетін қарулы қақтығыс кезінде орыс әскерлері ел аумағындағы мектеп пен балабақшаның жиырма процентін зақымдаған. Қазіргі уақытта Украинаға қарасты облыстардың оқу ордаларын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оқу бағдарламасына да айтарлықтай өзгеріс енгізілді. Мәселен, «Отанды қорғау» пәнінде жоғарғы сынып оқушылары мина сияқты жарылғыш затты қалай залалсыздандыру керек екенін үйренетін болады. Дей тұрғанмен, оқу жылын әлі де қауіпті деп қарайтын ата-аналар қауымы да баршылық. Оларға онлайн форматтағы оқу қосымша ұсынылмақ.

Авторы: Аида Қыдырбай