Маймыл шешегі: қауіп күшейіп барады

Маймыл шешегі: қауіп күшейіп барады

Бұған дейін негізінен Африка елдерінде тіркеліп келген маймыл шешегі мамырдың басынан бері өзге мемлекеттерде тез тарап барады. 3 ай ішінде 16 мыңнан аса дерек расталды. Ең көп оқиға АҚШ-та, сосын Еуропа мемлекеттерінде. 10 күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің тез таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан кейін Австралия оны ұлттық маңызы бар аурулар қатарына жатқызды. Артынша АҚШ-тың Нью-Йорк штатының билігі төтенше жағдай жариялады. Енді міне халық ең көп шоғырланған штат саналатын Калифорния және Иллинойс басшылығы да тиісті шешім қабылдады. Соның арқасында билік жалпымемлекеттік шараларды үйлестіріп, көбірек вакцина сұратуға мүмкіндік алатынын айтады. Екпеге тұрғындар арасында да сұраныс жоғары. Мәселен, мынау Сан-Францискода вакциналау орталығының алдындағы ұзын-сонар кезек.

- Мен маймыл шешегіне қарсы екпе салдыру үшін келдім. Кезекте тұрғаныма 3 жарым сағаттан асып кетті. Мұнда өткен аптада келіп кеткенмін. Алайда вакцина болмай шықты. Қалада ауруды жұқтыру деректері көбейіп барады. Сол себепті де мұнда төтенше жағдай жарияланды.

- Маймыл шешегімен ауырғаннан кейін адамның денесінде бөртпе пайда болатынын естідім. Мен тыртық болғанын қаламаймын.

Иә, мамандар аурудың басты белгілерінің бірі – денедегі бөртпе екенін айтады. Одан бөлек басқа да симптомдарға назар аудару керектігін еске салады.

Маргарет Харрис, ДДСҰ баспасөз хатшысы:

- Маймыл шешегін жұқырған адам өзін әлсіз сезіне бастайды. Денесі қалтырайды. Буындары сырқырайды. Ең басты белгілердің бірі - адамның денесінде бөртпе пайда болып, терісі күлбіреп кетеді. Қазір медициналық көмекке жүгініп жатқандардың көбі - ер адамдар. Бірақ науқастар қатарында әйелдер де, тіпті балалар да бар.

Мамандарды ауруды балалардың да жұқтырып жатқаны алаңдатады. Тиісті деректер АҚШ-та тіркелген. Ғалымдар шешектің басқа түрімен салыстырғанда, бұл аурудың белгілері жеңіл өтетінін айтады. Өлім деңгейі де төмен дейді. Алайда індет өрши түскенде Батыс Африкада ол көрсеткіш 10 процентке дейін жеткен екен. Соңғы дерек бойынша, Испанияда аурудан 2 адам, Бразилия, Перу мен Үндістанда бір адамнан көз жұмған. Канадада, Еуропалық одақ пен АҚШ-та ресми түрде бір екпе мақұлданған. Қазір тағы екеуінің тиімділігін бағалау жұмыстары жүріп жатыр.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева