Бакуде қазақтың киіз үйі тігілді

Қазақстан мен Әзербайжанның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толуына орай осындай ерекше тарту жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Киіз үйдің ішінде көрме ұйымдастырылып, бай мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Саяхатшыларды қызықтыратын Шымбұлақ тау шаңғы курорты мен Байқоңыр ғарыш айлағының мүмкіндіктері таныстырылды. Келушілер Алматы қаласы мен облысы, Шымкент пен Түркістан және маңғаз Маңғыстау жерінің туристік әлеуетімен танысады. Ерекше көрме тамыздың соңына дейін жалғасады.

Елнұр Әлиев,  Әзірбайжан мәдениет министрінің бірінші орынбасары:

- Қазақстан мен Әзірбайжанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толуына орай көптеген іс-шара өткізу жоспарланған. Ал, қазақ үйдің бой көтеруі біз үшін маңызды. Бұл екі елдің мәдениеті мен дәстүрінің ұқсастығының дәлелі. Әрі біздің салт-дәстүрге берік екенімізді айғақтайды. Біз тек дипломатиялық байланыс орнатып қана қоймай, мәдени әріптестікті де бекемдей түсеміз. Оған қос елдің әлеуеті жетеді.