Украинаға келген Ердоған үш жақты келіссөз өткізеді

Украинаға келген Ердоған үш жақты келіссөз өткізеді

Режеп Тайип Ердоған Украинаның Львов қаласына барды. Түркия президенті мұнда Владимир Зеленский және БҰҰ-ның бас хатшысымен үшжақты кездесу өткізуге тиіс. Кеше шаһарға Антониу Гуиттериш те барған еді. Тараптар Украина кемежайларындағы астық мәселесін, Ыстамбұл процесін қайта жаңғыртуды талқылайды. Сондай-ақ кездесудің басты тақырыптарының бірі - Запорожьдегі атом электр станциясы.

Запорожьедегі атом электр станциясы төңірегіндегі мәселе көбін алаңдатып отыр. Өйткені Еуропадағы ең ірі электр станциясында апатты жағдай бола қалса, салдары Чернобыль апатынан да ауыр болуы мүмкін дейді сарапшылар. 

Ресей жағының бұған қатысты айтар өз уәжі бар. Көрші елдің қорғаныс министрлігінің өкілдері,,, Украина билігі Запорожье атом станциясында "резонанстық арандату әрекетін" дайындап жатыр деген мәлімдеме жасады. Ақыр-соңында техногендік апат үшін Киев бізді айыптайды дейді Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілдері. Олардың айтуынша, қазір Украина әскері Запорожье төңірегінде радиациялық бақылау бекеттерін орнатып жатыр. Сондай-ақ жауынгерлерді радиациялық апат кезінде әрекет етуге дайындап жатса керек.  

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі:

- Киев 19 тамызда, яғни БҰҰ бас хатшысының Украинаға сапары кезінде Запорожьедегі атом электр станциясына резонанстық арандату әрекетін жоспарлап отыр. Бұл шабуыл үшін украиналықтар Ресейді айыптайды. Киев талай мәрте бізді станцияны қалқан ретінде қолданып, ол жерде оқ атады деген мәлімдеме жасаған еді. Алайда біздің не станция аумағында, не оның төңірегінде ауыр техникамыз жоқ. Онда тек қорғаныс элементтері ғана орналастырылған.

Запорожьедегі нысан Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы саналады. Сарапшылар онда бір жағдай бола кетсе, салдары Чернобыль апатынан әлеқайда ауыр болатынын ескертеді. Өйткені, нысандағы рекаторлық құрылғылар бүлінсе, атмосфераға радиоактивті заттар бөлініп, олар жүздеген шақырымға тарайды. Яғни көрші елдер үшін де қауіп бар. Осыған байланысты Украина жағы нысандағы жағдайды бақылау үшін кризистік штаб құрды. Оған түрлі министрліктер мен құрылымдардың өкілдері кірді.