Құрманбек Бакиевті отанына қайтармайды

Беларусь республикасының Жоғарғы соты Қырғызстан аумағына бұрынғы президент Құманбек Бакиевті қайтарудан бас тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сот Бакиевті саяси себеппен қудалап жатыр деген пікірге келді. Қырғызстан үкіметі осымен төртінші рет ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталған бұрынғы ел басшысын елге қайтаруға тырысқан.

Қырғызстанның бас прокуратурасы Құманбек Бакиевті жазаға тарту үшін төрт рет Беларусьтің тиісті органдарына өтінішхат түсірген еді. Кезекті рет бұл елдің әділет жүйесі қырғыздардың бұл арызын қанағаттандырудан бас тартты. Бірақ бұрынғыдан ерекшелігі, бұл жолы Құрманбек Бакиев саяси себеппен айыпталған деген ресми тұжырымдама берілді. Қырғызстанның бұрынғы президенті 2010 жылы болған жаппай тәртіпсіздіктен кейін Беларуське қашып кеткен еді. Сарапшылардың пікірінше, оны елге қайтаруға мүмкіндік жоқ.

Алина Молдокеева, саясаттанушы:

– Мұнда зардап шеккен адамдар бар. Сол күндері қаза болғандардың туыстарын айтатын болсақ, Құрманбек Бакиевті қайтару өте қиын  іс. Тіпті Асқар Акаев секілді билікпен келісе алса да, Құрманбек Бакиевке қатысты жағдай күрделі. 

Кұрманбек Бакиев бірнеше кісі өлтірген және қызмет бабын асыра пайдаланған деп айыпталып отыр. 2010 жылы Ала-Тоо алаңында шеруді күшпен таратқанда, 87 адам оққа ұшып, қаза тапты, екі жүзден аса адам жараланған. Оған қоса, бұрынғы президент өз әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Медет Садырқұлов және Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры Сергей Слепченконы өлтіргені үшін айыпталған. Бішкек әскери соты Құрманбек Бакиевті 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шығарған болатын. Сондықтан ол ел шекарасынан асса болды, бірден қамауға алынады. Тап солай елден қашқан тұңғыш президент Асқар Ақаевтың Құрманбек Бакиевтен бір айырмашылығы, ол елге қайтқан жағдайда, еркіндікте қалады.

Эркин Саданбеков, заңгер:

Ақаев аса ауыр қылмыстар бойынша айыпталған жоқ, сондықтан үкімет одан жауап алу үшін Қырғыз республикасына шақырту жөнінде шешім қабылдады. Ол шекарадан өтіп, құқық қорғау органдарына Кумтор оперейтинг компани бойынша тиісті түсініктеме берді.

Қылмыстары үшін жазаға тарту мерзімі өткендіктен Асқар Ақаевқа тағылған еш айып жоқ. Оған қоса, бұрынғы президент канадалық инвестор Кумтор алтын кенішін қалай игере бастағаны жайлы тергеушілерге айтып берді. Дегенмен Асқар Акаев Қырғызстанда қалмастан, соңғы жылдары тұрып жатқан Ресейдің Мәскеу қаласына оралды.

Авторы: Бақыт Чермашев