Варшавада украиналық босқындарды қабылдайтын екі лагерь жұмыс істейді

Польша астанасы Варшавада украиналық босқындарды қабылдайтын екі лагерь әлі де жұмысын тоқтатқан жоқ. Ресми ақпарат бойынша бүгінде шет елдерге Украинадан 12 млн астам тұрғын қашқан. Оның алты млн-ын Польша қабылдап алды. Польшаның білім және ғылым министрлігі елде мектеп жасындағы  600 мың украиндық оқушы барын айтады, оның 300 мыңы офлайн оқуға барған.

Надежда Шапавал - Днепропетровск өңірінің Апостолов ауданынан бес ай бұрын екі баласымен Польшаға қашқан млн босқынның бірі. Польша үкіметі бір балаға ай сайын 500 злоты, шамамен 108 доллар қаражат бөліп көмек көрсетіп келеді. Надежда да бос отырған жоқ, таңғы алтыдан түнгі екіге дейін бірде тігінші, бірде балық тазалаушы боп жұмыс істеп келеді. Ал түнде Варшавадағы орталық вокзалға екі қызымен қонуға келеді. Қазір Варшаваның маңында мың адамға арналған лагерь және вокзалдарда “ана мен балаға көмек”, деп аталатын бөлме бар. Мұнда қонуға және үш мезгіл ауқаттанып алуға жағдай жасалған.

Надежда Шапавал, украиндық босқын:

- Аудандағы үш мектебіміз де қақтығыстың алғашқы күнінде күл талқаны шығып қирап қалды. Әлі де зымыранның дауысы бір сембейді. Сондықтан елге қайту жағы қиындау. Варшавада қалмай, әрі қарай Словакияға баруды ойлап отырмыз. Босқын болудан шаршадым шыны керек.

Аня мен Соня Украинаны сағындық, дейді мұңайып. Екі бүлдіршін де анасы сияқты босқын болудан шаршаған. Польшаның білім және ғылым министрлігі елде мектеп жасындағы  600 мың украиндық оқушы барын айтады, оның 300 мыңы бірінші қыркүйекте мектеп барған. Бүгінде Еуропадағы босқындардың ең өзекті проблемасы - тұрғын үй, мемлекет көмек қаражат пен лагерь бөлгенмен, онда айлап тұру мүмкін емес. Өзім де бір күн Варшава вокзалындағы босқындардың лагеріне түнеп шықтым: жатын орын болғанмен жердегі суық төсек пен айналадағы шу - өз үйіңдей болмайтыны анық. Оны сегіз жасар Соня да біліп отыр…

Cоня, сегіз жасар босқын:

- Cоғыс тоқтаса деп армандаймын, басқа арманым жоқ…

Украиндық босқындардың Польшаға миграциясы әлі күнге дейін жалғасуда. Ресми ақпарат бойынша екінші қыркүйекте 22 мыңнан астам украин азаматы Польша шекарасынан өткен 3,5 мың азамат Украинаға кері қайтқан. Босқындардың арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама барысында 50 проценттен астам украиналық соғыс аяқталғанда елімізге қайтамыз, деп жауап берсе, мыңға жуық босқынның он жеті проценті Польшада тұрақтап қалатынын айтқан. 

 Аида Қыдырбай