Прагада ЕО саммиті өтті

ЕО басшылары Чехия астанасындағы кездесуде энергетикалық дағдарысты шешу жолдары бойынша ортақ шешімге келмеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда тараптар тек энергоресурстарды тасымалдауға қатысты келісім-шарттарды бірлесіп жасауға ғана уағдаласты. Бірақ газ бағасының шекті межесін енгізе алмады. Еурокомиссияға мәселені пысықтау тапсырылды. Екі аптадан кейін ЕО басшылары Брюссельде қайта кездесіп, энергонарықты реформалау жолдары мен көгілдір отынды тасымалдау мәселесін қайта талқылайтын болады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомисссия президенті:

- Біз алдағы қысқа бұрынғыдан жақсы дайындалдық. Мен сіздерге дәлел ретінде мына мәліметтерді келтірейін. Егер Украинадағы қарулы қақтығыс басталғанға дейін ЕО-ның газ импортындағы Ресей үлесі 41%-ті құраса қазір ол 7,5% қана. Келесі жылы көгілдір отын қоры таусылған соң оны сатып алуда бірлесіп әрекет етуге күш салуымыз керек.

Петр Фиала, Чехия Премьер-Министрі:

- Еуропа Ресейдің энергетикалық шикізатына тәуелділіктен арылуы қажет. Саммитте біз энергетикалық дағдарыспен күресуге қатысты жалпы шаралар бойынша келісімге келдік. Біз электр бағасын газ құнымен байланыстырмауға келістік. Бұл ұсыныс көпшліктің қолдауына ие болып отыр.

Кездесуде ЕО лидерлері Украинаға әскери және қаржылай-экономикалық көмек көрсетуді жалғастыруға келісті.

Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйеннің айтуынша, Брюссель жауық арада Киевке тағы 2 миллиардд еуро бөледі.