Қытайда «түнгі экономика» қарқынды дамып келеді

Қытайда халықтың жартысынан көбі сауда-саттықты кешкі және түнгі уақытта жасайды екен. Мұны осы елдің Сауда министрлігінің зерттеуі көрсетіп отыр. Жергілікті билік тұрғындарды ынталандыру үшін осы ерекшелікті пайдалануға күш салып жатыр.

Кеш қарая Ұлы Қытай қорғаны жарыққа бөленеді. Бұл үнгі экономиканы, яғни адамдардың кешкі уақыттағы тұтынуншылығын ынталандыру үшін қолға алынған шараның бірі. Себебі Қытайда тұрғындардың 60 пайызы көрікті жерлер мен сауда орындарына кешкі және түнгі уақытта саяхат шегеді екен. Бұл үрдіс шағын саудагерлердің де мол табыс көзіне айналған.

Хуан Фэн, саудагер :

- Мен күндіз жұмыс істеймін. Түнде боспын. Екі балам бар. Сондықтан көбірек табыс табу үшін өз дүңгіршегімді аштым.

Билік те мұндай саудагерлер үшін рұқсат беруді жеңілдеткен. Осылайша кешкі уақыттағы саудаға қолдау көрсетіледі. Жалпы Қытайда түнгі экономика 2016 жылы басталып, пандемия кезінде қарқынды дамиды. 2020-шы жылдың соңында саланың кірісі 30 триллион юань, яғни, 4 трилион долларға жетті. Туризм, шопинг, ойын-сауық және фитнес салалары да кәсібін бейімдеуге көшкен.

БЛИЦ:

- Біз қаланы түнде тамашалау үшін арнайы келдік.

- Бүгін Қытайдың құрылған күні ғой. Сондықтан түнгі  қорғанды көрсек дейміз. Әсіресе түнгі қойылымдарды тамашаламақпыз. 

Жұртты әсіресе мейрам кезіндегі түнгі өмір қызықтырады. Мұндай кезде қолайсыз ауа райына қарамастан туристік орындарда адам қарасы көп болады. Сондықтан биліктің биыл түнгі экономика кірісі 6 триллион долларға жетеді деп болжауы бекер емес. 

Ботагөз Сырғабаева