Доллардың қымбаттауынан АҚШ-тан өзге елдер зиян көріп отыр

Доллардың қымбаттауынан АҚШ ғана емес, өзге елдер де зиян шегіп отыр.

Өйткені көбінің экономикасы осы валютаға тәуелді. Мәселен, жапондық иенаның долларға шақандағы құны 30 процентке төмендеген. Мұндай жағдай бай елдерде ғана емес, кедей мемлекеттерде ДЕ байқалды. Мәселен, АҚШ валютасының қымбаттауынан Африкадағы Кенияда жанармай бағасы шарықтап кеткен.

Қазір доллар 2000-шы жылдардан бергі ең жоғары деңгейде тұр. Соның салдарынан жапон иенасының бағамы құлдырап, 32 жыл бұрынғы көрсеткішке бір-ақ жетті. Осылайша жапон валютасы 1990 жылғы көрсеткішке түсті. Бүгінде күншығыс елінде 1 доллар - 149 иена. Айта кетейін, жыл басынан бері иенаның долларға шаққандағы құны шамамен 30 пайызға төмендеп кетті.

Доллардың өзге валюталарға әсері

Доллардың өсуінен зардап шегіп жатқан жалғыз жапон жұрты ғана емес. Мұндай тенденция әлемнің көптеген елінде байқалады. Өйткені көбінің экономикасы түптеп келгенде Америка валютасына телулі. Түркияны алайық. Биыл бұл елдің ұлттық валютасы 28 пайызға әлсіреп кеткен. Соның салдарынан жергілікті бизнес күтпеген қиындықты бастан өткеріп жатыр. 

Доллардың қымбаттауы әсіресе кедей елдерге қиын тиіп тұр. Мәселен, Кенияда күнделікті сұранысқа ие тауарлардың бағасы еселеп өскен. Жанармай бағасы мен импорттық автобөлшектер болса тіпті қолжетімсіз. Рупия 6 пайызға құлдыраған Үндістанда да осыған ұқсас жағдай.

Доллар қымбаттап жатыр 

Соңғы айларда доллардың нығайып кетуіне Халықаралық валюта қоры да алаңдаушылық білдіре бастады. Өйткені ол  әлем елдерінде шарықтап тұрған инфляция деңгейін төмендетуге кедергі келтіреді дейді. Қордың ресми сайтында жарияланған мақалаға сәйкес, АҚШ валютасының күшеюі әсіресе, дамушы елдер мен табысы төмен мемлекеттердің экономикасына қатты қысым көрсететіні айтылады. Бұдан бөлек, мамандар доллардың күрт нығаюының макроэкономикалық салдары барын да сөз етеді. Өйткені халықаралық сауда мен қаржы нарығында доллардың үстемдігі өте жоғары дейді олар. Мәселен, трансшекаралық несиелер мен борыштық бағалы қағаздардың жартысына жуығы дәл осы доллармен жасалған.

АҚШ экономикасы рецессияға ұшырауы мүмкін 

Өз кезегінде Bloomberg Economics АҚШ экономикасы алдағы бір жыл ішінде рецессияға түсетінін болжап отыр. Өйткені елде инфляция өршіп тұр. Оның үстіне федералдық қор жүйесі қаржы-несие саясатын қатаңдатқан. Бұл аздай әлемде геосаяси ахуал да ушығып барады.

Ғани Мұқашұлы