Ұлыбританияның жаңа Премьер-министрі кім болады?

Лиз Трасс Премьер-министр ретінде 45 күн ғана қызмет етті.

Осылайша, ол өте қысқа уақыт үкімет басқарған саясаткер ретінде Ұлыбритания тарихында қалып отыр. Жаңа премьер сайланбайынша, ол әзірге өз орнында отыра береді. Ал үкімет басшылығына үміткерлердің есімі дүйсенбі күні жарияланады және бір аптадан соң жеңімпаз анықталады. Әр кандидатты кем дегенде 100 депутат ұсынуы керек. Парламентте барлығы 357 консервативті депутат бар деп есептегенде ең көп үш үміткер додаға түсуі мүмкін.

Джейк Бэрри, Ұлыбритания консервативтік партиясының төрағасы:

- Сайлау комитетімен бірлесе отырып ақылдастық. Жаңа көшбасшын таңдау үшін онлайн дауыс беруді өткіземіз деп шештік. Оған консервативті партия мүшелері қатысады және жеделдетілген түрде өткізіледі. Премьер-министрдің есімі 28 қазанда анықталады.

Бұрынғы Премьер-министр Борис Джонсонның жақтастары оны қайтару керек деп бастама көтеріп жатыр. Бірақ Джонсон қазір елде жоқ, Кариб аралдарында демалуда. Ұлыбританияға осы демалыс күндері оралады және сайлауға түсе ме, жоқ па, әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Джонсонның премьерлікке қайта келуіне қарсы балатындарда да жеткілікті. Оппозиция өкілдері болса, билік партиясы басшылықтан кетуі керек деп талап қойып отыр.

Кир Стармер, Лейборшылар партиясының көшбасшысы:

- Бұл дүрбелең біздің экономикамыз бен абырой-беделімізге нұқсан келтіруде. Бәрінен де халыққа қиын соғып жатыр. Барлығы қымбаттап кетті, ипотекалық несиенің % өсті. Біз билік партиясының басшылығында тағы бір эксперименттің болғанын қаламаймыз. Балама бар, ол – тұрақты жұмыс істей алатын Лейборшылар үкіметі.

Джонсоннан бөлек үміткерлер тізімінде бұрынғы Қаржы министрі әрі Лиз Трасстың сайлаудағы бас оппоненті Риши Сунак та бар. Оның жақтастарының пікірінше, Сунак пандемия кезінде елді қаржы дағдарысынан құтқарды. Бұл жолы да сенім үдесінен шыға алады. Британиялықтардың кейбірі биліктен күдерін үзгенін айтады.

Лиз Трасс елді жаңа саяси және экономикалық дәуірге жетелеймін деген уәдемен билікке келді. Оның салықтарды азайту туралы мәлімдемесінен кейін стерлинг фунты әлсіреп, нарықта дүрбелең басталды. Қарсыластары тәуекелге бармауға шақырғанымен Трасс тыңдамады. Сәтсіздікке ұшыраған ол өз еркімен қызметінен кетуге мәжбүр болды.

 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы