АҚШ тарихында көптен болмаған текетірес жүріп жатыр

Биылғы аралық сайлау АҚШ тарихындағы ең маңызды оқиға болғалы тұр.

Соңғы онжылдықта болмаған текетірестер жүріп жатыр. Демократтармен республикашылар көзқарасы демократия деген түсініктің төңірегінде дауласа бастады. Осы аралық сайлауда Конгерсті кім бақылайтыны белгілі болады. Сондықтан америкалықтар да саяси науқанда белсенді.

Елде тіркелген сайлаушылар ертерек дауыс берген, қалғаны аралық сайлау белгіленген күні, қарашаның 8-і таңдау жасап жатыр. Қазір бізбен тілшіміз Нұрбек Бекен байланыста. Нұрбек саяси науқан қалай өтіп жатыр?

- АҚШта қарашаның таңы. Бүгін аралық сайлау өтіп жатыр.  Жалпы Конгерске аралық сайлау дегеніміз, 2024 жылы болатын президенттік сайлауға дайындық іспеттес. Бәсеке демократтар мен республикашылар арасында өтеді. Әр штаттың халқы губернаторларын ғана емес қос палатаның депутаттарын таңдайды. Өкілдер палатасындағы 435 орын, Сенаттағы 100 орынның 35-і сайлау бюллетенінде тұр. Қазір билік басындағы демокарттар заң бекітуші органдағы ықпалын сақтап қалуға тырысады. Ал республикашыларға өкілдер палатасында немесе Сенатта басым түссе жетіп жатыр. Олар президент Джо Байденнің күн тәртібіндегі заң жобаларын қабылдамай, шектеп отырады. Тіпті Ақ үйге қарсы тергеу бастауы мүмкін.

Гвен, дауыс беруші:

- Мен үшін интеграция, елдегі қылмыс, мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Біз тек бір адамды таңдамаймыз, біз тұтас командаға дауыс береміз. Сондықтан ел үшін команда ретінде жұмыс істеуіміз керек. 

Анна Рейнер, жергілікті басқару органына   кандидат:

- Менің тәжірибемде халықты әдетте Ақ үйде не болып жатқаны алаңдатады. Қай партия үстемдікке ие болады? Ел назары соған ауады. Енді не боларын көреміз.  Дегенмен екі партия да тартысты бәсеке көрсетіп жатыр. 

Соңғы 40 жылда болмаған инфляция, азық-түлік пен бензин бағасының қымбаттауы электорат таңдауына әсер ететіні анық. Бүгінгі саяси науқанда демократтар біраз қолдаушыларынан айырылып қалудан қауіптенеді. Ол дегеніміз Байден басымдық беріп жатқан заң жобалары аяқсыз қалады деген сөз. Соның ішінде халық наразы болған жасанды түсік жасатуға шектеу, отбасылық жағдайға байланысты демалыс алу, климатты қорғауға арналған заң жобалары бар.  Сондықтан Байден республикашылар жеңсе американың негізі саналатын демократия әлсірейді, деді. Ел аралап, халықпен кездесуінде «демократия бюллетенде тұр» деген үндеу тастады. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Сіздерде ең маңзды сайлауға бір-ақ күндеріңіз қалды. Мен мұны үздіксіз қайталай беріп, өзімді ыңғайсыз сезіне бастадым, бірақ біздің өміріміз, алдағы бірнеше жылдағы жағдай осы таңдауға байланысты болады.  

Республикашылар басым түссе, Украинаға берілетін көмекке де кедергі жасауы мүмкін дейді сарапшылар. Әрине мүлдем тоқтатып тастамайды, бірақ экономикалық және қару-жарақ беруді баяулатады. Егер республикашылар өкілдер палатасында көп орынға ие болса, АҚШ-тың ұлттық қарызын алдыға тартып, Байденнен шығынды қысқартуды талап етпек.

Нұрбек Бекен, тілші: 

- Мерзімінен бұрын дауыс беруді бақылайтын US Electtions Project-тің дерегі бойынша 40 миллион америкалық жеке барып немесе пошта арқылы таңдау жасап үлгерді. Кейбір штаттарда сайлау күні бюллетенді поштамен жіберуге рұқсат етілген. Сондықтан Конгрессте кімнің бәсі биік түскенін санау үшін бірнеше күн тіпті бар аптадай уақыт керек. Жалпы алғанда бұл аралық саяси науқан келесі президенттік  сайлауға дейін  АҚШ-тың 2023-2024 жылдарға арналған ішкі және сыртқы саясатының бағытын алдын ала айқындайды.  

Нұрбек Бекен