Ресейді G20 құрамынан шығарып тастау ұсынылды

"Үлкен жиырмалықтың" 2 күнге созылған саммиті аяқталды.

Жиында "Джи 20" елдері қорытынды құжат қабылдады. Онда әлем көшбасшыларының басым бөлігі "Укранадағы соғысты қатаң айыптайды және ядролық қаруды қолдануға немесе "қолданамын" деп қоқан-лоққы жасауға мүлде жол беруге болмайды" делінген. Бүкіл әлем көз тіккен "Үлкен жиырмалық" отырысында тағы не айтылды? 

"Үлкен жиырмалық" құрамынан Ресейді шығару қажет". Украина президенті Владимир Зеленский саммиттің соңғы күнінде осы сөзін қайталады.  

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Украинада жүздеген қала қирап, электр жарығынсыз, сусыз және жылусыз қалды. Ең өкініштісі, кісі өлімі көбеймесе, азаяр емес. Алдында мен "Джи-19" деген сөзді жаңылысып айтқан жоқпын. Ресейді "Үлкен жиырмалық" қатарынан шығару қажет.

"Джи-20" саммитіне қатысқан Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Украина келіссөздерді әдейі болдырмай жатыр" деп айыптады. 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- Бүкіл мәселе Украина тарапынан туындап отыр. Олар қандай да бір келіссөз жүргізуден үзілді-кесілді бас тартуда. Украинаның қойып отырған шарттары ақылға сыйымсыз.

Түркия президенті астық тасымалдау бойынша Ресей мен Украина арасында жасалған келісім мерзімі тағы 1 жылға ұзараады деген сенім білдірді. Әйтпесе аталған мәміле 19 қарашада күшін жоюы керек. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Қазір астық көлемі 10 миллион тоннадан асты. Тыңайтқыштар мен аммиак жөнелту де маңызды. Балиден қайтқан бетте біз Путин мырзамен тыңайтқыш пен аммиак тасымалдау мәселесін талқылаймыз және астық келісімінің мерзімін кем дегенде бір жылға ұзартуға тырысамыз. 

Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах "Үлкен жиырмалық" көшбасшыларынан саясатты үлкен спортқа араластырмауды талап етті. Ол кейбір елдер атлеттерді 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасынан аластатқысы келеді деп айыптады.