Украинадағы қазақ бизнесі табысын еселеді

Украина мен Қазақстан кәсіпкерлерінің халықаралық бизнес форумы келесі жылдың басында Львов қаласында өтуі мүмкін. Бұл туралы екі елдің бизнес өкілдері ұйымдастырған онлайн жиында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жылға дейін қос тарап бизнес форумның талқылайтын тақырыбын пысықтап, логистикалық мүмкіндігін қарастырмақшы.

Қарулы қақтығыстардан туындаған қиындықтарға қарамастан қазақ бизнесі Украинада қарқынды дамып жатыр. Елдегі ірі кәсіп иесі Әлішер Тәжин арнамызға эксклюзивті сұхбат беріп, осылай деді. Қазақстанға тиесілі ірі халықаралық холдингте басшылық ететін бизнесмен Житомир, Виннаца, Хмельницк өңіріндегі 24 мың гектар жерге бес түрлі мәдени өсімдіктерді егіп, оны сақтау мен сатуда табыстарға жеткенін айтады. Қазақ компаниясының 90 мың тонна өнімді сақтай алатын элеваторы, түрлі техника, вагон, комбаиндары бар. Жылдық табысы 11 млн долларды құраған. 400 украиналық азаматты жұмыспен қамтып отыр, соғыс басталғалы бірде-бір қызметкерін қысқартпаған.

Әлішер Тәжин, Украинадағы қазақстандық компанияның басшысы: 

- Электр қуатымен, отынмен, тауарлық-материалдық қорлармен проблемалар туындаса да, қызметіміз тоқтаған жоқ. Соғыс басталғанда логистика толығымен тұралап қалады деп ойлағанбыз, алайда біз еуропалық бағытты аша білдік.

 Бұрын біз өнімді Одесса порты арқылы ғана сатқан болсақ, енді Польша, Молдова, Румыния, Венгрияға бара бастадық, яғни жаңа серіктестер, жаңа компаниялар мен жаңа клиенттер табылды.

Житомир өңіріндегі үш мекемеде диірмені бар тағы бір ірі бизнес иесі –Алтынбек Мустапаев. Жерлесіміз күніне 80 тонна ұн шығарып, жүздеген адамды еңбекпен қамтып отыр. Млн гривеннен астам қаражатты соғыс басталғаннан бері қайырымдылық саласына құйған. Оннан астам қызметкері  соғыс шебінде жүр. Жырақта жүрсе де кәсіпкер Қазақстанның мәдени, экономикалық, саяси жаңалықтарын жіті қадағалап отырады. 

Алтынбек Мустапаев, Украинадағы қазақстандық компанияның басшысы: 

- Ешқандай қиындыққа қарамастан жұмыс істеп жатырмыз. Украина армиясына көмектесіп жатырмыз, мен ойлаймын қазір әркім өз жұмысын істеу керек. Міне, көріп тұрсыздар, Украина жерінде қазақтың Туы желбіреп тұр. Әрқашанда Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды қарап отырамыз, қолдан келгенше референдум, сайлау болсын оған да қатысып тұрамыз. 

Жаңа жылдан кейін Украинаның Львов қаласында екі ел арасындағы халықаралық бизнес форум өтуі мүмкін. Онда қос елдің бизнес саласындағы түйіткілдер шешіледі. Бұл туралы Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Кәлетаев пен Украина сауда өнеркәсіп палатасының төрағасы Геннадий Чижиковтың Киевтегі кездесуі кезінде айтылды.

Авторы: Аида Қыдырбай