Испанияда инфляцияның өсімі жалғасып жатыр

Ұлттық статистика институтының мәліметі бойынша жылдық инфляция 10,8% болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты  ел үкіметі қазан айында елдегі кәсіподақ құрылымдарына мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс аптасын 35 сағатқа дейін қысқартуды ұсынған еді. Жаңашылдықты алғашқылардың бірі болып Валенсия қаласы енгізбек. Жаңа жылдан бастап мұнда жұмыс аптасы 35 емес 32 сағат болады.

Тамара Рогач, Камбрильс қаласының тұрғыны:

Испанияда жиырма жылдан бері жанұямызбен тұрамыз. Бір байқағаным - жергілікті халық демалысты жақсы көреді, «маньяна»,- яғни «ертең»,- деп аударылатын испан сөзі ең танымал. Мұнда қала күнінен бастап мемлекеттік мейрамдар өте көп.

Клаудия Ариас, Валенсия қаласының тұрғыны:

- Сәуірде Валенсияда қасиетті жұма, Пасха, Сан Висенте деп тізіліп кете беретін бес мереке тойланады екен. Қайта-қайта үзіліс алмас үшін мэрия осындай ұсыныс тастады. Айлыққа әсер етпесе қарсылық жоқ.

Жұмыс аптасының қысқаруына бір жағынан туристердің қалың нөпірі әсер еткен. Испания ұлттық туризм институтының мәліметі бойынша 2022 жылдың он айында елге сырттан 63 млн саяхатшы келген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 154 процентке артық. Туристер Испания экономикасына 76 млн 433 мың евродан артық қаражат әкелген, бұл да өткен жылмен салыстырғанда 180%-ке көп. Сегіз жүз мыңдай тұрғыны бар Валенсия қаласы да Мадрид пен Барселонадан кейін туристер ең көп қатынайтын үштікке еніп отыр. Саяхатшылардың 85 проценті дәл осы шаһарларды таңдайды. Жергілікті халықтың бір тобы туристерден қажыса, Оскар Таррау сияқты шағын кәсіп иесі қонақтың көп болғаны жақсы дейді.

Оскар Таррау, шағын кәсіп иесі:

- Бізге демалыс қайдан, сұраныс болса бас көтермей жұмыс істеуге дайынмын. Мемлекеттік қызметтің адамдары көп демалады, мерекеден мереке. Маған артық демалыс керек емес.

Испания үкіметі кәсіподақ құрылымдарына мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс аптасын қысқартқанмен жалақыны 3,5%-ке көтеруді қарастыру қажеттігін ескертті. Өйткені негізгі азық-түлік тауарларының құны жарты жылда орташа есеппен 20%-ке , ал электр энергиясының құны 50%-ке қымбаттаған.

Авторы: Аида Қыдырбай