Шығыс Азия елдері көктем мерекесін тойлайды

Жақында Шығыс Азия елдері ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесін тойлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы көктем фестивалі 21-22 қаңтарға белгіленді. Отбасылық мереке болған соң, 100 млн-ға жуық қытайлық туған жеріне оралып, мейрамды атап өтеді.

Бұл – 2019 жылы ашылып, жарты жыл ғана жұмыс істеген Бейжіңдегі Дасин әуежайы. Коронавирустың таралуына байланысты әуежай өз қызметін аз уақытта тоқтатқан еді. Енді, міне, араға 3 жыл салып, қайта ашылды. Жолаушылар әуе айлағы осылайша сыртқы әлеммен байланысты жаңартты.

Чжай Пэнфэй, Сhina Southern Бейжің кеңсесі операциялық департаменті басшысының орынбасары:

- Біздің авиакомпания Гонконгқа Дасин әуежайынан рейстерді қайта бастады. Сондай-ақ Амстердам мен Ыстамбұлға ұшатын рейстер қайта жанданбақ. Шамамен жаздың соңы немесе күздің басында әуежай толық режимде жұмыс істейді.

Қытай шекараларының ашылуы әлемдегі халықтың көші-қоны өршіп тұрған сәтке дәл келді. Сонымен қатар, бұл – Көктем мерекесі, яғни, миллиондаған қытайлықтың туған жеріне сапар шегетін кезеңі. Жаңа жылдық демалыс күндері 1 аптаға созылады. Алайда азаматтар демалысқа шығып, мерекеге дейін және одан кейін де саяхаттауды әдетке айналдырған. Биыл 22 қаңтардан 15 ақпанға дейін 100 млн тұрғын сапарға шығады деп күтілуде. Олардың қатарында ағайын-туысын қатарынан 3 жыл көрмегендер де бар.  

А Бао, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Соңғы жылдары пандемияға байланысты туған үйіме бара алмадым. Биыл туған қаламның қаншалықты өзгергенін көру және достарыммен, туыстарыммен кездесіп, жаңа жылды отбасыммен қарсы алу мен үшін үлкен бақыт.

Жергілікті биліктің айтуынша, 7 қаңтардан бастап тұрғындар ел бойынша 400 миллионнан астам сапар жасады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 40%-ке өсті. Ал, халықаралық әуе қатынасындағы өзгеріс 6% деңгейінде ғана қалып отыр.