АҚШ-тың мемлекеттік қарызы өсіп барады

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шекті меже 31,5 трлн долларға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел билігі сырттан қарыз алу үшін Конгресс заңды өзгертіп, шекті межені өсіру керек. Әйтпесе жалақы, зейнетақы сияқты әлеуметтік төлемдерді өтей алмай қалу қаупі бар, - деп дабыл қақты Қаржы министрі.

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен мемлекет сыртқы қарызын өтей алмаса, ел экономикасы дефолтқа ұшырайды, оның арты әлемдік қаржы дағдарысына алып келеді деп мәлімдеді. Өйткені ұлттық қарыз Конгресс бекіткен шекті межеге жетті. Шығындарын жабу үшін елдегі түрлі қорлардан және шетелдерден қаржы тарту қажет. Ол үшін Конгресс заңды өзгертіп, шекті межені ұлғайту керек. Өйтпеген жағдайда мемлекет жалақы, зейнетақы сияқты әлеуметтік төлемдерімен қатар халықаралық міндеттемелерін өтей алмай, қаржылық рейтингі күрт төмендемек.

Стивен Риччиуто, экономист:

- Егер АҚШ үкіметі құнды қағаздар шығару арқылы ақша жинай алмаса, онда АҚШ Қазынашылығы қаражатының бітіп қалу қаупі бар. Бұл дефолт болып саналады. Сондай-ақ АҚШ үкіметінің несиелік рейтингіне айтарлықтай кері әсер етеді.

Бірақ АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасын бақылап отырған республикашылар қарыздың шекті межесін өсіруге қарсы. Олар Байден әкімшілігінен бюджет шығындарын қысқартуды үнемі талап етіп келеді. Өйткені ұлттық қарыз онсыз да елдің жалпы ішкі өнімінен асып кеткен. Республикалық партияға салса әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық жүйесіне бөлінетін қыруар қаражатты да қысқартып тастамақшы.  

Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

- Қарызды ұлғайтудың шегі бар ма? Сондықтан біз енді мінез-құлқымызды өзгертейік деп сұрап отырмыз. Ол – Президент. Біз – палатадағы көпшілікпіз. Ымыраға келіп, теңдестірілген бюджетті қабылдау керек.

Бірақ Президент Джо Байден республикалық партияның талабы орынсыз деп отыр. Өйткені бюджет қысқарса, қарапайым халық қолдаусыз қалады.  Мемлекеттік шығындардың 17%-і әлеуеметтік әлсіз топтарды қолдауға, оларды медициналық сақтандыруға жұмсалады. Байден заңды айналып, аздаған салық төлеп отырған ірі компанияларға салмақты күшейткен дұрыс деп санайды.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Бұл қарыз 200 жылдан астам уақыт бойы қордаланған. 200 жыл. Қалжыңдап тұрған жоқпын. Бірақ сол қарыздың төрттен бір бөлігі менің алдымдағы президенттің 4 жылдық басқару кезінде жиналды. Америкада 745 миллиардер бар. Олар төлейтін орташа салық мөлшерлемесі – 2%. Менің ойымша, олар бұдан көбірек төлеуі керек.

Жалпы АҚШ Конгресі мемлекеттік қарыздың шекті мөлшерін 2008 жылғы дағдарыстан бері ұлғайтып келеді. Қаржы министрі Джанет Йеллен депутаттар шекті межені көтермесе, дефолт биыл 5 маусымда болады деп дабыл қағып отыр. 

Авторы: Нұрбек Бекен.