Әлемде халық саны 8 млрд-тан асты

Жер бетінде халық санының шамадан тыс артуы футурологтардың болжамы емес, қазіргі заманның шындығына айналған мәселе.

Рим клубының ғалымдары сонау 1972-ші жылы осы тақырыпқа қатысты баяндама жасаған еді. Онда әлемде халық саны 8 миллиардтан асса, жағдай қиындайтынын ескертілген. Бірақ адамзат бұл медежен былтыр асып кетті. Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Бұл халықтың қартаюы.    

2021 жылы әлемде жасы 65-тен асқандар саны 761 млн болған. 2050 жылға таман ол көрсеткіш екі есе артып, бір жарым миллиардтан асуы мүмкін. БҰҰ-ның болжамы осындай. Бұл экономикаға үлкен салмақ түсіретіні айтпаса да түсінікті. Өйткені жұмыс істейтін адам саны кемиді. Тиісінше салық азаяды. Сөйтіп зейнетке шыққан қарттардың өзін асырау қиындайды. Өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына медицинаның дамуы мен білім берудің қолжетімді болуы әсер еткен.

Алдағы 30 жыл ішінде әсіресе Африкада егде жастағы тұрғындар саны тез артады деген болжам бар. Қазір бұл Еуропа үшін өзекті проблема. Құрлықтың халқы кәрі саналады. Жастар балалы болуға асықпайды. Соның салдарынан 2070-шы жылға таман Еуроодақ халқының үштен бірі 65-тен асқан қарттар болады деген болжам бар. Бұл мәселе Германия, Италия мен Балтық елдері үшін өзекті. Еуропадан бөлек Австралия, Канада, Жаңа Зеландия мен АҚШ-та осындай проблема бар. Бірақ бұл төртеуінде мәселе жас мигранттар есебінен шешімін тауып отыр. 

Дүниежүзілік банк мәліметіне сәйкес, бүгінде жасы 65-тен асқан тұрғындар саны бойынша әлемде бірінші орында Монако тұр. Екінші орында - Жапония. Күншығыс елі үшін - халықтың қартаюы бұрыннан бері  келе жатқан проблема. Бірақ кейінгі уақытта ол тіптен ушығып кетті. Өйткені бала туу көсреткіштері тым төмен. Мәселен, 125 млн тұрғыны бар елде былтыр дүниеге келген сәбидің саны 800 мыңға да жетпеген. Осыған байланысты билік бала мен отбасы істері жөніндегі агенттік құруды ұсынып отыр. Сонымен қоса сәбилі болуға ынталандыру бағдарламаларына бөлінетін ақшаны екі есе көбейту идеясы да айтылды. Сарапшылар бұдан бөлек көші-қон ережелерін өзгерту қажет дейді. Яғни шетелдіктердің елге кіру талаптарын жеңілдетуі мүмкін.