АҚШ-тың қарапайым халқы Түркияға қол ұшын созды

АҚШ-тың қарапайым тұрғындары Түркияға көмек қолын созып жатыр.

Бірнеше күннен бері Вашингтондағы Түркия Елшілігі ең қажетті деген заттарды іріктеп, жедел түрде апат аймағына жөнелтуде. Екі тәулікте 100 тонна киім-кешек пен дәрі-дәрмек жіберіп үлгерген. АҚШ-тан меншікті тілшіміз тарқатады.

Анил Сурал Ақ үй мен Пентагоннан хабар тарататын түркиялық газеттің тілшісі. Ол бірнеше күннен бері Вашингтондағы Түркия Елшілігіне толассыз келіп жатқан  заттарды іріктеп, буып-түйіп Отанына жіберуге ат салысып жүр. Анил 1999 жылы Сакарьядағы жойқын жер сілкінісін көрген. Зілзала зардабын біледі. Сол кезде 17 мыңнан астам адам құрбан болған. Сондықтан брифингте Американың лауазымды тұлғаларынан Түркияға көбірек құтқарушы жіберуін сұрағанын айтады. 

Анил Сурал, журналист:

- Ең бірінші бізге құтқару жұмыстарын жеделдету керек. Сол үшін екі күн бұрын мен тікелей сұрадым. Сіздер неге көбірек құтқарушы жібермейсіздер? Өйткені Америкадан 100-ден астам құтқарушы ғана кетті. Бірақ одан да көп адам жіберуі керек. Өйткені әр сәт қымбат. Киім-кешек, тамақ, керек-жарақ бәрі келіп жатыр. Бірақ ең маңыздысы үйінді астын аршу үшін көп құтқарушы керек. 

Түркия елшілігінің қақпасы айқара ашық. Қарапайым Америка азаматтары қолынан келгенше жәрдем беріп жатыр. Көлігіне балаларға қажетті заттарды тиеген Сара Уикли келді. Ол ең бірінші көмек ана мен балаға қажет дейді.

Сара Уикли, Вашингтон тұрғыны:

- Бірден балалар туралы ойладым. Өзімнің де балам бар. Одан қалған заттарды алып келдім. Қолымнан келген көмегім сол.

АҚШ-тағы қазақстандықтар да қарап қалған жоқ. Бірнеше қалада белсенді азаматтар жылы киім-кешек, керек-жарақтарды жинастырып, қиындыққа тап болған бауырлас елге барынша көмек көрсетіп жатыр. 

Нұрбек Бекен