Өзбекстанда үйлерді жылыту тәсілі қолданылады

Өзбекстан биыл әлемдік базальт өндірушілерден мыңдаған тонна жабынды сатып алуы мүмкін. Бұл құрылыс материалы үйлерді қосымша жылыту үшін қолданылады. Көршімізде қатты аяздың кесірінен баспаналар суыққа шыдас бермей жатыр. Көбінің энергия тиімділігі төмендеген. Құрылыс министрлігі үйлердің 75%-ін енді базальт жабындысымен қаптауға мәжбүр. Бұл іске бюджеттен қыруар қаржы қаралған, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл – Ташкенттегі Кеңес үкіметі кезінде салынған үйлер. Ел бойынша саны 30 мыңға жетеді. Құбылмалы күн райы көбінің кем-кетігін көрсетіп берді. Кейінгі 80 жылда болмаған қыс тұрғындарды ғана емес, жылу беру мекелерін де қажытты. Себебі үйлерге энергия тиісті мөлшерде жеткенімен, жұқа қабырғаның кесірінен ұзақ уақыт сақталмайды. Мұндай үйлер Ташкенттің өзінде жетіп артылады.

Нигора Зокирова, қала тұрғыны:

- Өткен айда қыс қатты болды. Мына 4 қабатты үйлер азынап кетті. Батарея қол тигізбей тұрғанына қарамастан қабырғалар суық. Әзірге күн жылы болып тұр. Алда қайта аяз болады дегенді естіп, алаңдап отырмыз.

Құзырлы министрлік мәселеге кеңестік дәуірдегі құрылыс нормалары себеп дегенді алға тартады. Бірақ бертін келе де үйлердің қабырғасын қосымша жылыту ісі қолға алынбаған. Қаңтарда ауа температурасы күрт төмендеген кезде ғана үкімет дереу іске кірісті. Ең алдымен, «Хрущев» атымен әйгілі 2-4 қабатты үйлер базальт жабындысымен қапталады, - дейді мамандар.

Абулқасым Абдухалықов, Құрылыс нормасы мен стандарттау жөніндегі ғылыми институт директорының орынбасары:

- Бұл үйлер қазіргі нормаға сәйкес келмейді. Энергия тиімділік жөніндегі талаптар мүлде орындалмай отыр. Әсіресе панельдік негіздегі баспаналарда жағдай қиын. Мәселені тыңғылықты зерттедік. Министрлік Ташкенттегі 4 үйді қосымша жабындымен қаптап жатыр. Соның нәтижесіне қарай елдегі тұрғын үй қорын толық жаңа құрылыс нормасына сәйкес жаңартатын болып келістік.

Енді биліктегілер бюджеттен қосымша қаржы қарастырады. 30 мың баспананы қажетті материалмен қамту оңай іс емес. Оның үстіне базальт елде толық көлемде өндірілмейді. Қолда бар шикізат ішкі сұраныстың тек 30%-ін өтеуге жеткілікті. Алдағы уақытта өндірісті арттыру немесе шетелден тасымалдау жолы қарастырылып жатыр.

Авторы. Рауан Мыңбаев.