Әлемде кибершабуылдар жиілеп кетті

Қымбатшылық. Климаттың өзгеруі. Көші-қон дағдарысы. Бұл – жаһандық қауіп-қатерлердің ондығына кіретін проблемалар. Енді осы тізімге алғаш рет киберқауіпсіздік қосылды.

Себебі әлемде Ұлттық қауіпсіздікке зардабы тиетін шабуылдар жиілеп кетті. Мәселен, НАТО құрамындағы елдерде олардың саны 2020 жылмен салыстырғанда 300%-ке артқан. Сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Алдағы уақытта шабуылдар тек үдей түсетінін ескертеді.

Кибершабуылдар көбейіп барады        

Жасыл энергетикаға көшу туралы пікірлер соңғы уақытта жиі айтылады. Тиісті бағытта көптеген елдерде қадамдар жасалып жатыр. Бірақ сол еңбектің бәрі еш кетуі мүмкін. Өйткені энергетикалық компанияларға жасалатын кибершабуылдар жиілеген. Мәселен, былтыр көктемде бір ғана Германияда осындай 3 бірдей кәсіпорын хакерлердің «нысанасына» айналған. Тиісінше саладағы компаниялардың абыройына нұқсан келеді. Шығындары да көбейеді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, АҚШ-та 2025 жылы энергетикалық сектордың киберқауіпсіздігіне 10 млрд доллар жұмсалу мүмкін. Демек энергетикалық кәсіпорындарда ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар санын көбейту маңызды. Дей тұрғанмен, сарапшылар осы бағытта әлі көп жұмыс істеліну керек дейді. Өйткені әлемдегі ірі мұнай-газ компаниялардың тек 20%-інде ғана ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Қалғандары киберқауіптен келетін зардапты ескермей отыр.    

7 минут сайын 1 қылмыс

Австралия да хакерлік шабуылмен күресті күшейтуге ниетті. Сол үшін арнайы мемлекеттік агенттік құрылатын болды. Биліктің алаңдауы бекер емес. Өйткені елде әр 7 минут сайын бір киберқылмыс жасалады. Соның салдарынан былтыр мемлекетке 22 млрд АҚШ долларына шығын келген. Былтыр күзде Австралияның түрлі ведомстволарына ірі шабуылдар жасалып, миллиондаған адамның деректері ұрланған. Солардың қатарында Қорғаныс министрлігі, телекоммуникациялық компания, медициналық сақтандыру қоры, зертханалар желісі бар. Енді жаңа агенттіктің көмегімен билік Австралияның 2030 жылы әлемдегі ең қауіпсіз киберкеңістікке айналатынын айтады.    

«TikTok» қолдануға тыйым салынды

Осы киберқауіпсіздікке қатер төнгесін, Ұлыбританияда мемлекеттік қызметкерлерге ТикТокты қолдануға тыйым салу қарастырылып отыр. Бұған дейін АҚШ билігі тиісті шешім қабылдаған. Елдің 26 штатында енді мемлекеттік қызметкерлер жұмыстағы құрылғыларында танымал қытайлық әлеуметтік желіні пайдалана алмайды. Бірер күн бұрын Еурокомиссия мүшелері үшін тиісті шектеу енгізілген болатын. Бәрін алаңдатып отырған бір мәселе. Бұл – қауіпсіздік. Өйткені аспан асты елінің технологиялық компаниялары шетелдіктердің мәліметін жинауға көмектеседі деген қауіп бар.

Жасанды интеллект қауіпті ме?

Қазір Чат-Джи-Пи-Ти секілді бағдарламалық боттарды қолданушылар саны айтарлықтай артып келеді. Сарапшылар бұл да киберқауіпсіздікке төніп тұрған қатердің бірі дейді. Өйткені қаскөйлер жасанды интеллектінің көмегімен жалған ақпарат таратып, құрылғыларға зиян келтіретін мәтіндер жіберуді машықтанып алған.   

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.