Қазақстан өнімдері «UzBuild – 2023» көрмесінде таныстырылды

Қазақстандық компаниялар «UzBuild – 2023» халықаралық құрылыс көрмесіне қатысып жатыр.

ТМД кеңістігіндегі ең ауқымды шара биыл Ташкентте ұйымдастырылды. Әлемнің 22 мемлекетінен 350-ге тарта компания құрылыс материалдарын таныстырды. Қазақстан көрмеге газоблок, полиуретан, тақтайша, жылу оқшаулағыш және түрлі-түсті бояу өнімдерін ұсынды. Арнайы құрылыс техникасы мен металл бұйымдар да бар. Бұлардың көбінің Өзбекстан нарығында баламасы жоқ. Сондықтан жергілікті мердігерлер тарапынан жоғары сұраныс ие бола бастады. Ал газоблок шығаратын зауытқа Грузияда өндіріс ашу жөнінде ұсыныс жасалды. Қазірдің өзінде кәсіпорынның еліміз бен Өзбекстанда бірнеше өндірістік алаңы бар. Тағы бір ерекшелігі, Қазақстанда жасалатын бетон тақтайшалар енді Ташкент қаласын абаттандыруға қолданылуы мүмкін. Өндіруші көрме барысында бірнеше коммерциялық келісім жасап үлгерді.

Әлия Өмірәлиева, тақтайша шығаратын зауыт директорының орынбасары:

- Осы күндері қаланы араладық. Благоустроство жағынан үлкен патенциал барын байқадық. Алматы секілді безендіруге келетін қала.

Ілияс Бейсенбек, бояу шығаратын компанияның сауда менеджері:

- Бояу шығаратын әлемдік брэндтің Қазақстанда өкілдігі бар. Алматы маңындағы зауытта дайындап, Орталық Азия нарығына таратамыз. Бояудың сан түрі шығарылады. Өзбекстан - жаңа нарық. Мұнда бизнесті дамытуға көп мүмкіндік бар.