Әлемде инновациялық технологиялар қарыштап дамып барады

Әлемде инновациялық технологиялар қарыштап дамып барады

Британдық зерттеушілер суық пен ыстыққа төтеп беретін жайлы үйді сынақтан өткізуде.

Испан инноваторлары болса, тамақ қалдығынан ұялы телефон жасаудың қамында жүр. 

Қазіргі электр көліктердің ең үлкен кемшілігі - қатты суыққа қауқарсыз. Қуаты жылдам таусылады. Мәселен, Аляскадағы мына электр автобусы 40-50 градустық аязда 64 шақырымнан артық жүре алмайды. Қазіргідей литий-ионнан жасалған батереялар көпке шыдамайды.

Стретч Блэкард, электр автобусының жүргізушісі:

- Электр автобустар өте қымбат тұрады. Бұзылса, басқасын алу тиімсіз. Оның үстіне Солтүстік Америкадағы климат өте қатал. Батареялар өте жылдам отырады.

Америкалық ғалымдар мұның шешімі бар дейді. Ол үшін аккумуляторлардың химиялық құрамын жетілдіру қажет. Қазірдің өзінде 500 шақырымға дейін өшпейтін батарея жасалған.

Нейл Дасгупта, Мичиган Университетінің инженер-профессоры:

- Батарея тез суыса, көп энергия жоғалтады. Оны ұзақ сақтап тұру - қазір біз айналысып жатқан ең үлкен мәселе. Жалпы осы батареяларды жетілдіру бойынша әлемде үлкен бәсеке болып жатыр. 

Болашақтың жайлы үйі

Британиялық ғалымдар қысы-жазы жайлы болатын үйдің моделін жасап жатыр. Сол үшін кең зертхана жасақталған. Бұл жобаға Еуропаның аймақтық даму қоры 19 миллион доллар бөлген. Бұл үйдің басты ерекшелігі - онда ауаны сорып, электр қуатына айналдыратын құрал болады. Осылайша сарышұнақ аяз бен аптап ыстықты еңсеруге болады. 

Ричард Фиттон, Салфорд университетінің профессоры:

- Болашақта бізге осындай үйлер қажет болады. Өйткені климат қатты өзгеріп жатыр. Тіпті мұндай баспаналар 2025 жылы қолданысқа ене бастауы мүмкін. Олар экстремалды ауа райында тұруға толық қолайлы болуы тиіс.

Тамақ қалдығынан ұялы телефон жасалады

Испан зерттеушілері тамақ қалдығына бактерия қосу арқылы биопластик өндіруге кірісті. Бұл инновация технологиялық және медициналық мәселелерді шешуге көмектеседі. Биопластик дайын өнім ретінде 3D принтерде басылып шығады.

Патрисия Айма, биотехнолог:

- Біз ең алдымен ең мықты бактерияларды таңдап аламыз. Сосын олармен тамақ қалдығын залалсыздандырып, биопластикке айналдырамыз. Осы биопластиктен конверттен бастап ұялы телефондарға дейін жасай аламыз. Өндіріс экологиялық жағынан таза ерітінділер пайдаланылатын химиялық процеске негізделген.

Италияда арамшөппен күресудің бұрыннан бар әдісі қайтадан қолға алынды

Қаулаған зиянды өсімдік ежелгі Помпейдгі ғимараттардың көне қабырғаларын жалмап, жарамсыз қыла бастаған. Шөп қырқатын техниканың экологиялық залалы орасан дейді. Олардың орнына 150 қойды жіберген тиімді деп тапқан. Бір жағынан арам шөптен құтылса, екіншіден қоршаған ортаны сақтайды.