АҚШ-та ірі банк жабылып қалды

АҚШ-тағы ең ірі қаржы ұйымы Силикон Валей банкі жабылды.

Бұл қор нарығын құлдыратып, инвесторлар арасында үлкен дүрбелең туғызды. Екі жүз миллиард доллар активі бар Силикон Валей, экономикасы қуатты Америкадағы он сегізінші үлкен банк саналатын.

Нұрбек Бекен, тілші:

-Жоғары технология, IT және медицина саласындағы ауқымды жобаларды қаржыландырған Силикон Валей банкі санаулы күнде жабылып тынды. Ірі инвесторлар жаппай салымдарын шығарып алып, қаржы институты көк тиынсыз қалды. Яғни активі болғанымен, қолма-қол төлейтін ақшасыз қалды. Сөйтіп мемлекеттік реттеуші банкті жабуға мәжбүр болды.

Дин Нелсон, банк клиенті:

-Бүгін таңертең жағдайды білу үшін келгем. Бірақ банк қызметкерлері шығып бізге банк жабылды дегеннен артық ештеңке айтпады.  Мұнда компаниямыздың есеп шоты бар. Қолға алған жобамызды қаржыландырудың процесінде тұр едік. Енді не боларын білмей, алаңдап тұрмыз.

Бұл 2008 жылы бүкіләлемдік қаржы дағдарысынан кейін жабылған ең үлкен банк болып отыр. Қаржы жүйесіне қазір түсінбеушілік туындап, халық басқа да банктерден депозиттерін шешіп ала бастады. Екі күннің ішінде  Bank of America, Wells Fargo, JP Morgan, Chase секілді американың төрт ірі банкі елу екі миллиард доллардан айырылды. Қор нарығы да екі процентке түсіп кетті. Инвесторлар осыдан 15 жыл бұрын болған қаржы дағдарысы қайталана ма деп алаңдап отыр. Бірақ Ақ үй шұғыл баспасөз мәслихатын өткізіп, жағдай бақылауда деп мәлімдеді.

Сесилия Роуз, АҚШ Кеңесі экономикалық кеңесшілерінің төрайымы:

 -Біздің банк жүйеміз 2008 жылы енгізген өзгерістерге байланысты түбегейлі өзгерген. Мысалы, олар көп капитал ұстауы керек, стресс-тесттерден өтеді. Сондықтан біздің банктер осындай күйзелістерге төтеп бере алады. Сондықтан мен  осы секторда және реттеушілерімізде  тиісті шаралар қабылдай алатын қауқар бар деп сенемін.

Сарапшылар елдегі қаржы жүйесінің қиындыққа тап болуына Федералды резервтің қатаң реттеу шаралары мен пайыздық мөлшерлеменің тым көтеріп жіберумен байланыстырады. Не де болса, АҚШ-тағы ең ірі жиырма банктің бірі саналған Силикон Валейдің құрыдымға кетуі халықты алаңдатып отыр. Өйткені салымшылардың басым көпшілігінің депозиті сақтандырылмаған. Енді реттеуші банк активтерін сатып халыққа қайтара ма, әлде басқа бір банкке қосып жұмысын жалғастыра ма әзірге белгісіз.