Германия биылғы қысты жақсы еңсерді

Германия биылғы қысты жақсы еңсерді. Былтыр кейбір сарапшылар елде энергия тапшылығы болады деп теріс болжам жасаған болатын.

Бірақ неміс мемлекеті жылу маусымын табысты аяқтап қана қоймай, сонымен бірге қыруар газ қорын жасақтап алды. Ал былтыр Ұлыбританияда күн панельдерін орнату қарқыны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе артқан.

Қоймаларын газға артығымен толтырған Германия биылғы түгілі, келесі қысты да уайымсыз қарсы алуға дайын. Канцлер Олаф Шольц осылай деп сүйіншіледі. Соңғы дерек бойынша, көгілдір отынның 65 пайызға артық қоры жиналған. Былтыр бұл көрсеткіш 25 пайызды ғана құраған еді. Сарапшылар қыстан аман шығуға жылы ауа райы, кәсіпорындар мен тұрғындардың үнемдеу әрекеті мен мемлекет дер кезінде қолға алған экономикалық стратегия көмектесті деп есептейді. Былтыр үміттен гөрі күдік басым болатын. Өйткені, жазда Ресейден газ жеткізу толық тоқтады. Оған дейін Кремль Германияға қажетті көгілдір отынның жартысын жеткізіп тұрған еді. Енді ресейлік "Газпромның орнына норвегиялық және америкалық компаниялар келді.

Олаф Шольц, ГФР канцлері:

- Германияның солтүстік жағасында сұйылтылған газ импортына көбірек инвестиция салуымыз керек. Бізге келетін көгілдір отынды әрі қарай Австрия, Чехия, Словакия мен ЕуроОдақтың басқа елдеріне де жіберетін шығармыз. Ел экономикасы болашақта жаңартылатын энергия көздері мен сутегіне иек артатын болады. Оның біраз бөлігін Еуропада өндіреміз және қалғанын импорттаймыз. Газ үшін салынған инфрақұрылымның қызығын келешекте де көреміз. Биыл сутегі жобаларына көп қаржы саламыз.

Сондай-ақ Германия сұйылтылған газды қабылдайтын терминалдар салуды қолға алмақ. Былтыр желтоқсанда алғашқы көгілдір отын станциясы іске қосылды. Алда олардың санын 6-ға жеткізу жоспарда тұр.

Ұлыбританияда күн панельдері 2 есе артты

Британияда былтырдан бері электр энергиясы 67 пайызға қымбаттады. Бұл Ұлттық статистика бюросының мәліметі. Осыдан кейін амалы қалмаған кәсіпорындар мен тұрғындар жаппай күн панельдерін сатып ала бастады. Қазір елдің  70 пайызы осындай баламалы қуат көзімен қамтылған. . 

Куми Тиручелвам, жергілікті тұрғын:

- Біз үйдің алдыңғы жағына бірден 24 панель орнаттық. Бірақ күн батареяларының түрлері өте аз, сәйкесінше таңдау жасауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен сұраныс артқан сайын, ұсыныс та болашақта көбейеді деп ойлаймын. Бағасы да арзандар.

Германияда бір ғана қаңтар айында 15 мың үй күн панелін орнатқан. Бұл батареялардың орташа құны - 6 мың доллар. Есесіне электр энергия үшін төленетін ақы 3 есе арзандады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский