Индонезия астанасы 2024 жылы Нурсантара шаһарына көшіріледі

Келер жылы Индонезия  астанасы Нусантара деп аталатын шаһарға көшіріледі. Қазір «жасыл» қаланың құрылысы қызу жүріп жатыр. Жаңартылатын энергия көздеріне ерекше мән беріліп отырса да, табиғат жанашырлары жаңа астананың бой көтеруіне қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кадрларға қарап, мына жерде қала болатынына әзір сену қиын. Алайда Индонезия билігінің жоспары зор. Олар келер жылы мұнда жаңа астана болатынын айтады. Нусантараның құрылысы былтыр басталған. Бүгінге дейін шаһар инфрақұрылымы 14%-ке дайын. Қазір мұнда 7 мыңға жуық құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Әзірге қалада жатақхана, тікұшақ алаңы бар. Жолдар да салынған. Енді келер жылдың күзіне дейін президент сарайы секілді маңызды ғимараттардың құрылысы аяқталуы тиіс.

Бамбанг Сусантоно, Нусантара астаналық басқармасының төрағасы:

- Бұл тек үкіметтік ғимараттар орналасқан қала емес, өзгелердің де өмір сүруі үшін қолайлы мекен болады деп сенеміз. Ол сондай-ақ тез өсіп-өркендейтін мегаполиске айналады.

Астананы көшірудің қажеттілігі қанша еді деген сауал туындайды? Мәселе Индонезияның қазіргі бас қаласы – Джакартада халық көп шоғырланған. Тұрғындар саны 10 миллионнан асады. Ауасы лас шаһарлар тізімінен түспейді. Жер сілкінісі жиі болып тұрады. Оның үстіне теңіз деңгейі тез көтеріліп барады. Сондықтан Джакарта су астына кетуі мүмкін. Демек билік ойлана келе астананы басқа орынға көшіруге шешімін қабылдаған. Нусантара футуристік жасыл қала болады. Жаңартылатын энергия көздеріне ерекше мән беріледі, - дейді билік өкілдері.   

Бамбанг Сусантоно, Нусантара астаналық басқармасының төрағасы:

- Нусантара бұл болашақтың қаласы. Біз қазіргі мәселелер туралы ғана емес, келешек жайлы ойлануымыз керек. Сөйтіп, шаһар 2045 жылға таман көміртекті бейтарап болады.

Алайда табиғат жанашырлары бұл экологиялық бастама емес, керісінше қоршаған ортаға зияны зор екенін айтады. Өйткені мегаполистің құрылысына байланысты тропикалық ормандар оталып жатыр. Оның үстіне жоба орангутанг секілді жануарлардың мекен ету аймағы арқылы өтеді.

Дви Савунг, экобелсенді:

- Қала құрылысы жануарларға арналған дәліз арқылы өтпеу керектін. Бұл үшін алдымен оларды өзге өңірге көшіру қажет еді. Алайда билік асығыстық танытып, бұл мәселе назарсыз қалды.

Қаланың құрылысына байырғы халықтар да қарсы. Өйткені көбі тұрып жатқан жерлерінен айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Билік өтемақы болады дейді. Алайда жер телімі мұра ретінде қалып отырған. Сол себепті байырғы халықтардың көбінде ресми құжаттары жоқ. Енді өтемақы алу жағы қиындауы мүмкін.

Сибукдин, Индонезия байырғы халықтары қауымының жетекшісі:

- Біздің жерді тартып алып жатыр. Бізбен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Ұсынып отырған өтемақысы да көңілімізден шықпай отыр.

Яти Далия, Индонезияның байырғы тұрғыны:

- Біз ауылды жерде тұрып үйреніп қалғанбыз. Күйеуім өмір бойы фермада еңбектенген адам. Қалада жұмыс істей алмайды. Онда немен айналысады?

Көбі жаңа мегаполис құрылысы қоғамдық талқыға салынбады деп те ашулы. Өйткені жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, Индонезияның қазіргі астанасы Джакарата тұрғындарының 96%-і бастамаға қарсы. Қалай болғанда да билік жаңа астананы келер жылдың 17 тамызында ашуды жоспарлап отыр. Салтанатты шара елдің тәуелсіздік күніне орайластырылған. Сол уақытқа дейін негізі үкіметтік ғимараттар дайын болуы тиіс. Сөйтіп, 1-1,5 жылдан кейін Нусантараға 16 мың мемлекеттік қызметкер көшуі керек.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.