Грузияда апатты үйлер мәселесі өзекті болып тұр

Грузия апатты үйлер мәселесін қолға алды.

Бірақ адам өміріне қауіпті ескі үйлерді жаңарту үшін бір емес, бірнеше онжылдықтар қажет. Өйткені бір ғана Тбилисиде мұндай 10 мыңнан астам нысан бар.

Грузия билігі ескі ғимараттарды жаңарту үшін арнайы бағдарламаны іске қосты. Өйткені елдегі апатты үйлер мәселесі соңғы жылдары үкіметтің бас ауруына айналған. Шамамен осыдан бір ғасыр бұрын салынған ескі нысандарда әлі күнге дейін адамдар өмір сүреді. 

Ираклий Карселадзе, Грузияның Аймақтық даму министрі:

- Біз бүкіл Грузия аумағындағы үйлердің жағдайын зерттеуді бастадық. Қалалардың сыртқы келбетін бұзатын ғимараттар мен апаттық жағдайдағы үйлерді анықтаймыз. Қажет болса, оларды бұзып, жаңасын тұрғызамыз немесе жаңартамыз. Бұл барлық қала, ауыл-аймақ, курорттық аймақтарға қатысты. Апаттық ғимарат саны - 200 мыңдай. Енді, сараптама комиссиясы жұмысының нәтижесін күтеміз. 

Үкіметтің бұл бастамасын өңір тұрғындары жылы қабылдады. Мәселен, Гурджаан ауданында өткен жылдан бастап жергілікті билік ғимараттарды жаңартудың он жылдық жобасын іске қосты. Ал жаңа мемлекеттік бағдарлама бюджеттік мүмкіндіктерді кеңейтпек. Бұл ауданда сараптамалық бағалау тізіміне 21 ғимарат енді.

Зураб Отиашвили, Гурджаан муниципалитетінің мэрі:

- Міне мына көріп тұрған үй апаттық ғимараттар тізіміне енді. Бұл үйде газ жарылып кеткен. Бұл үйдің иесіне біз жаңа баспана береміз. Ал оның орнына Гурджаани ауданына лайықты әдемі ғимарат саламыз. 

Яғни тозығы жеткен ғимарат жаңартуға келмесе, түгел сырылып, орнына жаңасы салынады. Сарапшылар болжамынша, алдағы  жылдары Грузия қалалары құлпырып, тұрғындар үшін қолайлы мекенге айналмақ.

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили