АҚШ-тың Оклахома штатында апаттан мыңдаған адам жарықсыз қалды

АҚШ-тың Оклахома штатында алапат дауыл соғып, бұршақ жауды. Бұл туралы «Ассошиэйтед пресс» агенттігі хабарлайды.

Апат салдарынан штатта 23 мың адам жарықсыз қалып отыр. Шони және Коул елді мекендерінде екпінді жел ағаштарды сындырып, үйлердің шатырларын жұлып әкеткен. Соңғы деректерге қарағанда, өңірде 2 адам көз жұмыпты. Түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға түскендер де бар. Қазір олардың нақты саны анықталып жатыр. Штатта электр сымдары үзіліп, ондаған үйге залал келгені  белгілі болды. Сондай-ақ жергілікті ірі университет ғимараты қирап, әуежайдың жұмысы бұзылып, жүздеген жолаушы жолдан қалып отыр.