25 сәуір – Дүниежүзілік безгекке қарсы күрес күні

Бұл дертпен жыл сайын миллиондаған адам ауырып, мыңдағаны қайтыс болады. Көз жұмғандардың көбі – балалар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – екпе орталығына асыққан Сарафина Окот. Оның 6 айлық қызы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бастаған пилоттық жобаның қатысушысы. Бүгін ол Оксфорд университетінің безгекке қарсы екпесін қабылдайды. Ауру қоздырғыштарға қарсы тиімділігі 80% екен.

Сарафина Окот, ата-ана:

- Ғалымдар үшін жаңа вакцинаға жүргізілген зерттеу қорытындысы аса маңызды. Ол тиімділігі одан да жоғары дәрі жасау үшін қажет. Оған уақыт керек, әрине.

Ресми мәлімет бойынша, жыл сайын Кенияда 3,5 млн-нан астам адам безгек ауруын жұқтырады. 10 мыңы көз жұмады. Көбі – балалар. Ал қазір жүргізіліп жатқан клиникалық сынақтар мұның алдын алуы мүмкін. R21 вакцинасын сынақтан өткізу жұмыстары кейінгі жылдары Африканың бірнеше елінде жүргізілді. Ал сәуірдің басында оған Гана елінде де рұқсат берілді.

Адриан Хилл, ғалым:

- Бұл біз үшін медицина әлеміндегі тарихи оқиға саналады. Өйткені аталған вакцинаны жасап шығуға 30 жыл уақыт кетті. Қолымызда 20-дан астам вакцина болған еді. Бірақ клиникалық сынақ кезінде ешқайсысы жақсы нәтиже көрсетпеді. Ал жаңа дәрі 2012 жылы зерттеу басталған сәттен бастап зор үміт сыйлаған еді. Сондықтан осы кезеңге дейін жеткені керемет жаңалық.

Жаңа дәріні сынақтан өткізудің соңғы кезеңі қазір Буркина-Фасо, Кения, Мали мен Танзанияда жүріп жатыр. Оның қорытындысы алдағы айларда медициналық журналда жарияланады.

Жалпы, безгекке қарсы Mosquirix вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан 2021 жылы мақұлданған болатын. Бірақ қаржыландырудың жоқтығынан жеткізілікті көлемде доза шығару жағы тұралап қалды.