Лондонда алматылық суретші Айғана Ғалидың көрмесі ашылды

Автор абстракция стилінде салынған суреттерінің жаңа топтамасын «жарық» тақырыбымен байланыстырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарқыраған шарлар, импульстік электр ағындары, сары сәулелер – мұның бәрі Айғана Ғалидің суреттерінде көрініс тапқан. Автор өз еңбектерінде сәулемен шағылысып, әртүрлі кейіпке енген заттарды бейнелеуге тырысқан. «Картиналар мүлдем басқа тілде сөйлейді. Кванттық физика немесе космология тілі ме дерсің», - дейді сарапшылар. Айғана суреттеріне ұлттық рең беріп, картиналарын «Шаңқобыз», «Киіз үй», «Қосын» және «Өрнек» деп атаған.  

Нико Кос Ерл, көрме кураторы:

- Автордың төл мәдениетіне өте жақын екендігін және оны жоғары бағалайтынын анық аңғаруға болады. Ол көптеген жұмыстары арқылы Ұлы даладан бастау алатын Тәңіршілдік идеясын жеткізуге тырысқан. Бірақ оның шығармашылығының дінге еш қатысы жоқ, абстрактылық өнер деп бағалар едім.

Айғана Ғали өз шығармашылығында кенеп пен қағаздан бастап тоқыма мен қолаға дейін пайдаланады. Көп салалы суретші – Алматы қаласының тумасы, әкесі қазақ, шешесі грузин ұлтынан. Айғана әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелер өткізіп, туындылары арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттаумен келеді. Өкінішке қарай, көрменің ашылуына Айғана келе алмады.

Айғана Ғали, суретші:

- Меніңше, кез келген қазақстандық суретші үшін шетелдерде көрмелерге қатысып, әлемдік мәдениетпен біте қайнасу өте маңызды. Бірақ солай бола тұра, автор өз үнін сақтай білу керек. Менің бақытыма орай жұмыстарым зор сұранысқа ие және дүниежүзі бойынша жеке адамдардың үйлеріне немесе мұражайларға қойылған.

Кейт Брейн, көрермен:

- Айғана Ұлы далада туып-өсті. Мен әлемнің ол бөлігін ешқашан көрген емеспін. Меніңше, Айғана саналы түрде, бәлкім, бейсаналы түрде туған жерінің мықтылығын паш етіп жатыр. Мен Қазақстанға барып, саяхаттағым келеді.

Көрме 1 айға созылады. Кейбір картиналар өнер жәрмеңкелеріне қойылып, саудаға шығарылады. Алдағы уақытта Айғана Ғали Америкада жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, суреттері кітап болып басылып, оқырман назарына ұсынылмақ.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы.