Климаттың өзгеруі әлемге қауіп төндіріп тұр

Климаттың өзгеруі ХХІ ғасырдың ең үлкен мәселесіне айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазба байлықтарды өндіруді доғару қажет. Берлинде климат өзгерісі бойынша аралық конференцияға қатысқан мамандар осындай мәлімдеме жасады. Ғаламдық жылыну қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар қарапайым адамдардың да тұрмысына кері әсер етіп отыр.

Климат өзгерісі көп адамның кәсібіне кері әсерін тигізіп жатыр. Тунистің Габес шығанағындағы 4 мың әйел Жерорта теңзінің шығыс жағасында ұлу жинап, нәпақа табады. Бұрын олар күніне 700 тонна өнім жинап, көп ақшаға кенелетін. Енді ғаламдық жылыну басталғалы ұлудың қатары кеміп, оны жинаушылардың да табысы азайды.

Фатима Бахри, ұлу жинаушы:

- Біз таңғы 6-дан күн ысығанша ұлу жинаймыз. Бұдан басқа айналысатын іс жоқ бізде. Жалғыз күнкөрісіміз – осы. Негізі бала-шағамды бағып үйде отырғаным дұрыс еді. Мына жұмыс өте ауыр. Өліп-талып жинаған 1 келі ұлудың құны жарты долларға жетпейді.

Хириа Дабек, ұлу жинаушы:

- Ұлы жинаумен айналысқаныма 40 жылдан асты. Бұрын 1 күнде кемі 10, ең көп дегенде 20 келіге дейін жинайтынмын. Ақшамызды алып, мәз болып, үйге қайтатынбыз. Соңғы жылдары теңіздің суы жылып, омар деген ірі теңіз шаяндары пайда болды. Содан бері ұлулардың саны күрт азайды. Өйткені аталған теңіз шаяндары ұлулармен қоректенеді.

 

 

КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ӘЛЕМГЕ ҚАУІП ТӨНДІРІП ТҰР

Тунис сияқты дамушы елдерге климат өзгерісінің салдарымен күресу үшін 100 млрд қажет. Бұл көмекқаржыны бай мемлекеттер 14 жыл бұрын беруге міндеттеме алған болатын. Бірақ әлі күнге дейін аталған талап орындалмай келеді. Бұл туралы биыл қараша-желтоқсанда Климат өзгерісі жөніндегі ғаламдық климат саммитін өткізетін Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері мәлімдеді.

Сұлтан Ахмед әл-Жабер, БАӘ Өнеркәсіп және озық технология министрі:

- Көп нәрсе күтіп жүрміз, бірақ, өкінішке қарай, нәтиже өте аз. Дамушы елдер, дамыған мемлекеттер уәде еткен 100 млрд долларды әлі күтіп жүр. Сөз бен істің үйлеспеуі климат өзгерісімен күреске үлкен кедергі жасап отыр. Дубайда өтетін саммитте біз осы мәселені басты күн тәртібіне шығарамыз. «Жасыл климат» және «Бейімдеу» қорларына да тиісті қаржы түспей жатыр. Әмірліктер зиянды қалдықтан құтылу ісін 20 жыл бойы тиімді жүргізіп келеді.

Жақында Берлинде климат өзгерісіне қатысты аралық конференция өтті. Оған 40-тан астам елдің өкілі қатысты. Жиында Германия министрі баламалы энергияға жаппай көшуді басты ғаламдық мақсат етіп алуға шақырды.

Анналена Бербок, Германияның Сыртқы істер министрі:

- Климат дағдарысы ХХІ ғасырдағы ең үлкен қауіпсіздік мәселесіне айналды. Дубайдағы саммитте қазба байлықтан энергия өндіру дәуіріне нүкте қоюымыз керек. Ғылыми зерттеулер егер біз ғаламдық жылыну деңгейін 1 жарым градус деңгейінде ұстасақ, қоршаған ортаны сақтауда үлкен өзгерістер болатынын көрсетіп отыр.

Мамандар баламалы энергия өндірісі 2030 жылға қарай 3, ал 2040 жылы 5 есе артуы керек деп есептейді. Ал Азия даму банкінің есептеуінше, кіші құрлық елдеріне климат өзгерісімен күресу үшін биылдан 2030 жылға дейін 3 трлн 700 млрд доллар қажет.

Авторы: Ернат Мелсұлы.