Бүгін Лондонда Ұлыбритания Патшасы III Чарльз таққа отырды

Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам 1000 жылдан астам уақыттан бері қаймағы бұзылмаған дәстүрді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Ресми рәсім Букингем сарайынан Вестминстер аббаттығына дейінгі шеруден басталды. Салтанатты шараны көру үшін адамдарға темірмен қоршалған арнайы алаңдар ұйымдастырылды. Бірақ ол жерден орын табу оңай емес-ті. Сондықтан Патша отбасының жанкүйерлері алдын ала шатырлар тігіп, ашық аспан астында күтуге мәжбүр болды. Далада түнегендер қатарында біздің отандастарымыз да бар.

Әнел Ақмолдаева, Лондон тұрғыны:

- Мен Қазақстаннан боламын. Алматы қаласынан. Лондонда жұмыс істеймін. Бүгін Букингем сарайының қасына келдік. Ертең Корольдің коронациясы өтеді. Сағат сегізден бері осы жердеміз. Өзімізбен бірге дождевик, жаңбыр жауса, әкелдік. Стулымыз артқа қарай түсіріледі. Түнде осы жерде ұйықтауға болады.

Орын таппағандарға салтанатты шараны саябақтарда орнатылған үлкен экрандар арқылы көруге жағдай жасалды. Сондай-ақ онлайн көрсетілім де жүргізілді. Күймені құрлық әскерінде, Патшаның әскери-теңіз күштерінде және әскери-әуе күштерінде қызмет ететін мыңдаған әскери қызметші алып жүрді. Қауіпсіздік жағын полицейлер мұқият қадағалады.

Эйд Аделекан, Лондон полициясы басшысының орынбасары:

- Бұл - жеті күн бойы шамамен 29 000 офицер жұмылдырылған өте маңызды операция болып отыр. Мен Лондонға миллиондаған адам келді деп ойлаймын. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударуымыз керек. 

Ұлыбритания - әлі күнге дейін өзінің монархтарына тәж кигізу рәсімін өткізетін жалғыз еуропалық ел. Шарада тек патшаларға тән нышандар маңызды рөл атқарады: тәж, алтын шар және скипетр. Тәж кигізу салтанаты бірнеше бөлімнен тұрды және шамамен екі сағатқа созылды. Жиналғандар бірнеше рет: “Құдай, Патшаны сақтай гөр!” деп ұрандатты және әр жолы кернейлер ойнады.

Екінші бөлімде Патша заңды және Англикан шіркеуін қорғауға ант берді. Үшіншісінде - Англия шіркеуі басшысының монарх ретіндегі мәртебесін айқындайтын бетке май жағу рәсімі өтті. Содан кейін Үшінші Чарльз Әулие Эдвардтың тәжін киіп, бүкіл ел бойынша отшашулар атылды. Рәсімнің соңғы бөлімінде патша таққа отырды. Содан кейін ол жұбайы екеуі келген жолдарымен Букингем сарайына қайта оралды және балконға шығып, бүкіл отбасымен жиналғандарға қол бұлғады.

Тәж кигізу рәсімі - соңғы 70 жылда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Салтанатты рәсімге екі мың қонақ шақырылды. Олардың арасында Патша отбасының мүшелері, шет мемлекеттердің басшылары және жоғары лауазымды тұлғалар бар. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен салтанатқа Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы