ASEAN саммитінде әлемдегі экономикалық ахуал талқыланды

Индонезияның Лабуан-Бахо қаласында Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы көшбасшыларының кездесуі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

11 мамыр – саммиттің соңғы күні. Биылғы ауқымды жиын ұйымның экономикалық дамуы мен аймақтағы тұрақтылықты сақтау мәселелеріне арналған. Тараптар дүниежүзіндегі экономикалық дағдарысқа байланысты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Алдағы 10 жылда ұйымның институттарын күшейту де жоспарланып отыр.

Джоко Видодо, Индонезия президенті:

- Пандемиядан кейін нашарлаған әлемдегі экономикалық жағдай әлі толық қалпына келген жоқ. Халықаралық сахнада бәсекелестік артты. Осыған байланысты Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы белсенді әрекет етіп, маңызды даму орталығына айналуға күш салуы қажет. 

 

Самитте талқыланған мәселенің бірі – Мьянмадағы ахуал. Тараптар ондағы қақтығысты шешуге бағытталған құжат қабылдауы мүмкін. Мьянмада 2 жыл бұрын әскери төңкеріс жасалып, соңы толқуларға ұласты. Әскер мен халық жасақтары арасында қақтығыс әлі жалғасып жатыр.