Жасанды интеллект әлемде үлкен талқыға түсіп жатыр

Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де оның пайдалы әрі зиянды тұстары көп. Мәселен, әлем елдерінде қазір жасанды интеллект үлкен талқыға түсіп жатыр.

Пікір алуан. Бірі ол уақыт үнемдеуге қажет десе, кейбірі ол алаяқтардың жұмысын жеңілдетті дейді. Осыған байланысты Еуропарламентте жасанды интелектті реттейтін заң қабылданбақ.

Жасанды интеллект хат жаза алады

Күнде алып жүрген электронды хатыңызда өзгеріс байқалса, таң қалмаңыз.  Енді электронды мәтінді жасанды интеллект жазатын болды. Әлемге әйгілі Gmail поштасы жасанды интеллект қолдана бастады. Google компаниясы да осындай мәлімдеме жасады. Мекеме басшыларының айтуынша, жақын арада поштаға қосымша функция енгізіледі, ол «Help me write», яғни «Маған жазуға көмектес» деп аталады. Оған жүгінсеңіз, бұрыннан жазылып жүрген автоматты жауаптар шығады және қолданыстағы хат мәтіндері көрсетіледі. Мақсаты – уақыт үнемдеу. Осылайша, адамдар бір батырманы басып-ақ, көлемді, мазмұнды хат жазуға мүмкіндік алады. Жасанды интеллекті Google іздеу жүйесіне де қолдануды көздейді. Қазір комапания Bard деген диалог қосымшасын сынап жатыр. Google Bard 180 елде, 40 тілде қолданысқа ие болады деген жоспар бар.

 

Жасанды интеллектен қауіп бар

Әрине, жасанды интеллекттің кері тұстары да бар. Әлем елдерінде бұл кең талқыға түсіп жатқаны рас. Еуропалық полиция қызметі алаяқтықтарға кең жол ашылды деп дабыл қақты. Қазіргі таңда жасанды интеллектінің нейрожүйесі арқылы алаяқтар сіздің жеке мағлұматтарыңызды ұрлап, тіпті өзін сіз деп таныстыра алады екен. ChatGPT үлкен тілдік модельдер технологиясына негізделген, сондықтан ол кез келген мәтінді құрастырып, оны аударып, құпия сөздерді де теріп бере алады, - дейді құқық қорғаушылар. Сондай-ақ мамандар қазір ең басты пробелема ChatGPT-нің интернетте еркін қолданыста болуы дейді. Бұл мәселеге Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк пен әйгілі миллиардер Илон Маск та алаңдайды. Жасанды интеллект технологиясының дамуын уақытша тоқтату керек, бұл сала жіті қадағалануы тиіс және кей құралдарға қазірден бастап шектеу қойылғаны жөн, - дейді мамандар.

 

Еуропарламент жасанды интеллектке тұсау салмақ

Қауіп-қатерді ескере келе, Еуропарламентте жасанды интеллектіні қадағалау туралы заң талқыға салынбақ. Таяуда депутаттар еуропалық нарықта оны реттеу үшін заңнама қарастыру керек деген шешімге келді. Заңға сәйкес жасанды интеллект жүйесі адамдардың бақылауында болады және ол ашық әрі сенімге кіруі тиіс. Қоршаған ортаға залал келтірмеуі шарт. Сонымен қатар ол адамдардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу керек және манипуляция әдістерін немесе адамдардың осал тұстарын пайдалануға тыйым салынады.  Депутаттар «жасанды интеллект» ұғымына бірыңғай анықтама енгізуді талап етіп жатыр. Сондай-ақ олар қашықтан биометриялық сәйкестендіру жүйелерін реттеп, адамдардың бет-әлпетін тану сияқты биометриялық деректерді жинауға қарсы. Егер заң қабылданса, бұл жасанды интеллектіге қатысты алғашқы ресми құжат болмақ. Пленарлық отырыс маусым айына жоспарланып отыр. Содан кейін заң Еуропалық Одақ Кеңесімен мақұлдануы тиіс.