Ердоған ертеңгі сыннан сүрінбеуге жанын салады

Ертең Түркияда президенттік сайлау өтеді.

Төрткүл дүниенің саяси додаға көз тігіп тұрғаны бекер емес. Өйткені 20 жылдан бері билікте отырған Ердоғанның саяси мансабында бұл жолғы жекпе- жегі тартысты болмақ. Жексенбі күнгі жарыс кімдердің арасында өтеді? Келесі 5 жылда бауырлас Түрік елін басқаруға үміткерлер кімдер? Сайлаудан кейін Түркияны не күтіп тұр?

Ол 20 жыл бойы Түркияны басқарып келеді. Алғашқы 11 жылда премьер-министр болды, кейінгі 9 жылда ел президенті қызметінде. Түркияның 12-президенті Реджеп Тайип Ердоған саяси жолын 1994 жылы Ыстамбұлдың мэрі лауазымынан бастады.

Оның Давостағы «One minute» тіркесі әлі күнге дейін әлем жұртшылығының есінде. Бұған дейін екі мәрте президенттік сайлауда жеңіске жеткен Ердоған бұл жолы да солай болатынына сенімді. Ол сайлау алдында Қаратеңіз табиғи газын құрлыққа шығарып, бір жыл бойы тұрғындардың тұрмыста қолданатын көгілдір отынын ақысыз болатынын жариялады. Қосымша Габарда тағы да табиғи газ кенішінің табылғанын айтты. Отандық көлік пен теңіз және әуе қорғаныс өнімдерімен таныстырды. Ең төменгі мемлекеттік қызметкердің жалақысы шілде айынан бастап 22 мың лира болатынын мәлімдеді. Бұл теңгеге шаққанда 500 мың шамасында.

Дегенмен, бұл жолғы саяси дода тартысты. Елдегі инфляция өсімі мен ұлттық валютаның құнсыздануы, проценттік мөлшерлеме бар. Босқын мәселесіне де халықтың бір бөлігі наразы. Бұған үш ай бұрынғы жер сілкінісінен кейінгі жағдай тағы да салмақ қосты. Дегенмен, Ердоған шамамен 13 миллион тұрғынның тұрмысына тікелей әсер еткен апат салдарын бір жылда жоямын деп уәде етті.

Ердоғанның басты қарсыласы, оппозициялық «Халық альянсы» алты партияның бірыңғай кандидаты Кемал Кылычдароғлұның сайлауалды ұраны осындай. Ол Түрік ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Республикалық халық партиясының қазіргі жетекшісі. Батыс медиасы оған «түрік Гандиі» деген лақап ат қойған. 2002 жылдан бері партия жетекшісі қызметін атқарған Кемал Кылычтароғлұ, 2017 жылы «Әділет» шеруімен есте қалды. Саясаткер онда 420 шақырымдық жерді 25 күнде жаяу жүріп өткен.

Оппозиция көшбасшысы Кемал Кылычдароғлұ, ел экономикасын түзету үшін шетелден 300 миллиард доллар инвестиция тартамын  деп уәде етті. Сондай-ақ, оның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, екі жыл ішінде Түркиядағы барлық босқындар елдеріне қайтуы тиіс. 74 жастағы Кылычтароғлұ жастарға үй мен көлік беремін деп отыр.

Үшінші үміткер АТА альянсынан Синан Оган. 55 жастағы Оган Әзербайжандардың отбасында дүниеге келген. Бірнеше тілді жетік меңгерген ол Ыстамбұл мен Мәскеуде білім алған. Ғылыми докторлық дәрежесі бар. Екі рет Ығдыр провинциясынан депутат болып сайланған. Үміткердің басты ұраны «Сайлауды түрік ұлтшылдары анықтасын». Кандидаттардың ішіндегі ең жасы, «Ататүрік бұл елді кәрілерге емес, жастарға аманат етіп қалдырған» дейді.

Төртінші үміткер «Мемлекет» партиясының төрағасы Мухаррем Инже күтпеген мәлімдеме жасап, үміткер болудан бас тартты. Экс-Республикалық халық партиясының өкілі Кемал Кылычтароғлұны қолдайтынын айтты.

Алдын ала жасалған сауалнамаларға сәйкес, сайлау- екі негізгі кандидат арасында өтеді. Олар қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен оппозициялық «Халық альянсы» партияларының бірыңғай кандидаты Кемал Кылычдароғлу. Дегенмен, қоғамдық сауалнама жүргізген зерттеу компанияларының нәтижелері әрқалай. Бірі Ердоғанды, екіншісі Кылычтароғлұ жеңеді деп нәтиже шығарды. Ал олардың қорытындысын көрген сарапшылар сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін дейді. Егер бірінші турда мемлекет басшысы лауазымына үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздық межелен аса алмаса, онда екі аптадан кейін екінші кезең өтеді. Оған ең көп дауыс жинаған екі кандидат ілігеді. Бұдан бөлек қоғамдық сауалнама орталықтары парламенттік сайлауда Әділет және даму партиясы, Республика халық партиясы, Жақсылар партиясы мен Жасылдар және сол партиясының алғашқы төрттікке кіруі бойынша ұқсас нәтиже шығарған. Қалай дегенмен, нақты қорытында жексенбі күні жергілікті уақытпен 17:00-ден кейін белгілі болмақ. 

Меруерт Қанағат