АҚШ президенттігіне үміткерлер қатары күн сайын артып келеді

Республикалық партиядан сенатор Тим Скотт 2024 жылғы сайлауға түсуге ниетті екенін жариялады.

Ол мемлекеттік шығындарды қысқарту және түсік жасату құқығын шектеу керек дейтін ұстанымдарымен танымал. Сондай-ақ Тим Скотт республикалық партиядағы жалғыз афроамерикалық сенатор.

18 айдан кейін АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Ал республикалық партиядан ел басқаруға ұмтылған үміткерлер саны артып келеді. АҚШ Сенатындағы жалғыз қара нәсілді республикашыл Тим Скотт бүгін 2024 жылғы президенттік науқанын ресми түрде жариялады. 57 жастағы саясаткер туған қаласы Солтүстік Чарлстондағы жақтастары алдында сөз сөйлеп, Американың үлкен мүмкіндіктер елі екенін айтты. Оған дәлелі ретінде тағдырынан мысал келтіріп, жалғыз басты кедей ананың баласы ретінде электорат алдында ағынан жарылды. 

Тим Скотт, АҚШ сенаторы:

- Бұл - сіздің мінезіңіз бен шыдымдылығыңды көтеретін әлемдегі ең еркін, әрі ең әділ жер. Мен оған дәлел бола аламын. Мен оған куәгермін. Сондықтан солшылдар қатты қорқатын негізгі кандидатпын.

Алайда Тим Скотты партияластарының бар болғаны 1 пайызы ғана қолдайды. Ол президент болса жүктіліктің 15 аптасынан кейін түсік жасауға тыйым салатын заңға қол қоймақшы. Мемлекеттік шығындарды күрт қысқартуды да қалайды. Бірақ алдымен республикашылдар ішінде Оңтүстік Каролина штатының бұрынғы губернаторы Никки Хейлиді жеңуі керек. Дегенмен, рейтерстің сауалнамасына сәйкес республикалық партиядан ең танымал кандидат әлі де бұрынғы президент Дональд Трамп. Оны республикашылардың 49 проценті қолдайды. Ал Трамптың негізгі қарсыласы Флорида штатының губернаторы Рон ДеСантис болмақ. Ол көз ұзамай президенттікке түсетінін жариялап қалуы ықтимал.  Жалпы 2024 жылы өтетін сайлауда республикашылар демократтарға қарсы күресті асыға күтіп отырғаны байқалады. Әсересе, наурызда Нью-Йорк прокурорлары Трампқа жалған құжат жасады, порножұлдызбен байланысын жасыру үшін ақша төледі деп айып таққан соң, керісінше бұл жайттардың саяси астары бар деп қолдау күшейе түскен.