Данияда құрылысқа қолданылатын экоматериалдар көрмесі ашылды

Копенгагенде құрылысқа қажет экоматериалдар көрмесі ашылды.

Шараның дәл осы қалада ұйымдастырылуы бекер емес. Биыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Дания астанасы әлемдік сәулет өнерінің ордасы атанды. Осыған орай Копенгагенде 300-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған.  Соның бірі экологиялық таза материалдар көрмесі.

Копенгаген әлемдік сәулет өнерінің ордасы саналса да құрылыс саласындағы жетістіктері күні бүгінге дейін әлемді тамсандырып отыр. Қамыс аркадан бастап, қарасорадан жасалған бетон дәл осы Дания жерінде жасалған. Бұл экологиялық таза өнімдер "Reset Materials" атты көрмеде көпшілікке ұсынылды. Жергілікті сәулетшілер осы арқылы көміртек тотығының қоршаған ортаға тигізер зиянын көрсетіп қоғам назарын аударуды көздейді.  БҰҰ ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы әлем бойынша өндірілген энергияның 34% құрылыс саласына кеткен. Ал одан шыққан көміртек диоксидінің мөлшері 37 пайызға жетті.

Крисси Мур, көрме ұйымдастырушысы:

- Экологияға қатысты мәселелер жеткілікті. Мәселен, ғимараттарда көміртегі ізі жиі кездеседі. Өйткені құрылыс кезінде әдетте бетон мен әйнек сияқты материалдар көп қолданылады. Ал жарамдылық мерзімі аяқталғанда қоқысқа кетеді. Қайта өңдеу жоқ. Бұл өте өткір мәселе. Себебі шикізат шексіз емес. Бір күні таусылады.

Көрмеге қойылған кей материалдар бүгінде құрылыс саласында кеңінен қолданылып келеді. Басқалары сынақтан өткізіліп жатыр. Сондай материалдардың бірі сәулетші Исак Ворре Фогед жасап шығарған акустикалық панельдер. Бір қызығы, олар саңырауқұлақтан жасалған. Исактың айтуынша, бұл материалды қолданыстағы минералды мақтаның орнына пайдалануға болады.

Исак Ворре Фогед, сәулетші:

- Бұл материалдың қоршаған ортаға тигізер зияндылығы төмен. Өйткені ол табиғи өнім. Сонымен қатар, панельдерді көп мәрте қолдануға да болады. Қазір қолданыста жүрген материалдардан басты айырмашылығы да осы.

Бүгінде құрылыс саласында тек экологиялық таза материалдарды қолдану көптеген мемлекеттің негізгі стратегиясына айналған. Бұл мәселе осы аптада Копенгагенде өтетін Халықаралық сәулетшілер конгресінің күн тәртібінде де қаралады.

Ғани Мұқашұлы