Астраханда қазақ тілін үйренуге құштар жандар көп

Жергілікті мектептерде қазақ тілі факультатив ретінде оқытылады.

Ересектерге арналған тіл үйрету курстары да бар.

Астрахан мемлекеттік техникалық университеті 20 жыл бойы студенттерді қабылдап, тіл үйретумен келеді.

Астрахан мемлекеттік техникалық университетінде қазақ тілі тұрақты түрде оқытылады. Мұнда аптасына үш рет қазақ тілі, Қазақстан тарихы және мәдениеті бойынша қосымша сабақтар өткізіледі. Ұстаздар биыл қазақ тілін үйренемін деген студенттер саны ерекше көп болғандығын айтып отыр.

Елена Полховская, дайындық факультетінің деканы:

- Бұл сабақтар студенттер үшін тегін. Оған университетіміздің кез келген студенті қатыса алады. Сондай-ақ, өзге де жоғары оқу орындары мен колледж жастары да келіп үйренулеріне жағдай жасалған. Қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін білуге ынтасы бар жастардың бәрін қабылдаймыз.

Студенттердің тілді меңгеру деңгейі әртүрлі. Бұл заңдылық. Бірақ бағдарлама барлығына қызықты болатындай етіп жасалған. Бірі ана тілін ұмытпауға ұмтылса, өзгелері Қазақстанда оқу үшін тіл үйреніп жүр.

Шахидолла Миллат, студент:

- Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Өз елімнің тілін, тарихын білгім келді. Мен үшін бабаларымыздың кім болғанын оқып білу маңызды. Біздің әулетте ата-әжем, бауырларым мен әке-шешем бәрі қазақша сөйлейді. Дәстүрімізді құрметтейді.

Астрахан облысы бойынша Володар ауданындағы мектепте қазақ тілі бірінші сыныптан бастап, он бірінші сыныпқа дейін негізгі пән ретінде оқытылады.

Әлия Ғұмарова, педагог:

- Қалған мектептерде факультатив ретінде кластан тыс оқытылады қазақ тілі. Мұғалімдердің оқытуға, балалардың тілге деген қызығушылығы бар. Енді   биылдан бастап  Алтай өлкесінен Ресейдегі қазақ балаларына арналған қазақ тілінің оқулықтары шыққанына өте қуанып отырмыз. Енді биылғы қыркүйек айында облыстық тіл, мәдениет және білім министрлігінің қолдауымен әрбір мектепке сол оқулықтарды аламыз деп үміттеніп отырмыз.

Астрахан облысында  қазақтар халық саны жағынан екінші орында тұр. Ресми деректер бойынша өңірде 150 мың қазақ тұрады. Бұл жергілікті халықтың 17 пайызы. 

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров