Индонезиядағы Ява аралын су басу қаупі бар

Қазір теңізге жақын орналасқан елді мекендерді су басып жатыр.

Жергілікті билік тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.

Индонезия астанасы Джакартадан 80 шақырым қашықта Джемараджая деген ауыл бар. Ява теңізінің бойындағы осы елдімекен су астында қалуы мүмкін. Тұрғындар адам бойындай толқындардың шайып кетуінен қорқып өмір сүруге мәжбүр. Кейінгі 2 жылда жағалау 6 метрге дейін бері жылжыған .

Блиц:

- Ауылдың бюджеті өте шектеулі, көмек аз. Біз өз қолымызбен толқындарға қарсы ағаш қадалар бектіп, тас бөгет саламыз.

- Әр толқын шайған сайын 20 қап қажет. Мен күніне шамамен 100 қаптай құм жинаймын. Бірақ, оның өзі әлсіз, су шайып кете береді.

Билік тек 300 отбасын ғана көшірген. Қалған ел үйінен өзге аумаққа құм салынған қаптардан салынған жол арқылы қатынайды. Себебі, сәуір айында ғана жөнделген басты көшенің өзін толқын шайып кетті. Енді жергілікті мешіт пен зиратқа қауіп төнді. Жалпы, Ява аралында 150 миллионға жуық тұрғын бар. Ғалымдардың болжауынша, алдағы жылдары аралдың басым бөлігін су басады.

Эдвин Олдриан, метеорология және климатология профессоры:

- Яваның солтүстігіндегі жағалау аймақтарына үлкен қауіп бар. Толқын күніне кемі екі рет шаяды. Ал топырақ эрозиясы климаттық өзгерістерді тездетеді.

Алдағы 30 жылда, тек бұл ауылда ғана емес, бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам теңіз деңгейінің көтерілуі, құрғақшылық, температураның күрт өзгеруі және басқа да климаттық апаттарға байланысты үйлерін тастап шығады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі осыған саяды.

Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы