Германиядағы көше өнері

1930 жылдары АҚШ-та пайда болған стрит-арт, яғни көшеде қабырғаларды суреттермен безендіру қазір әлемде кеңінен таралған.

Бұл өнер түрі суретшілердің өз көзқарасын білдірудің бір жолы іспеттес. Тіпті осындай тәсілмен өзінің саяси ұстанымын көрсеткісі келетіндер де бар.

Германияда стрит-арт бұрыннан бері дамып келеді. Әсіресе қырғи-қабақ соғыс кезінде Берлинді қақ бөлген дуалда сурет салып, саяси көзқарасын білдірген. Кройберг секілді қала аудандарында көз тартатын мурал көп. Алайда жеке меншік пен мемлекеттік ғимараттарда рұқсатсыз сурет салуға заңмен тыйым салынған. Айыппұл мен келтірген зияны үшін өтемақы салынуы мүмкін. Истсайд галереясы деп аталатын Берлин дуалының бір бөлігінде суретшілердің өз өнерін көрсетуге мүмкіндігі бар.

Аргентина - граффити мен мурал бойынша жетекші елдердің бірі

Аргентина - граффити мен мурал саны бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі. Көркем өнердің бұл бағыты бүгінде халықтың  әлеуметтік және саяси белсенділігін білдіретін күшті құралға  айналған.  

Әсіресе Буэнос-Айрэс қаласы өзінің жарқын стрит-арт өнерімен бүкіл әлемге әйгілі болды. Билік пен қауым өнердің бұл түрін ерекше қолдайды.  Тіпті Легал Уоллс, яғни Заңды қабырғалар деп аталатын жоба да бар. Бұл бастама аясында суретшілерге мурал мен граффити салуға арнайы аудандарды бөлу жағын қарастырады.

Палестинада көше өнері - саяси күрестің құралы

Ал Палестинада стрит-арт Таяу Шығыстағы жанжалға халықаралық қауымдастықтың назарын аударудың амалына айналған. Дженин қаласының көшелерінде халық мұңын көрсететін сурет көп. Мурал мен граффити Палестина тарихы, еркіндік пен ұлттық мүдделерін білдіруге арналған. Дегенмен заң бойынша, Палестина халқына қарсы арандату деп саналған суреттерді бірден жояды. Израиль билігі де қауіпсіздігіне қатер төндірген суретшілерді қудалауы мүмкін.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов