Грузияда әйелдерге зорлық жасау көбейді

Грузияда 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа көп ұшырайды.

Статистика осылай дейді. Ең сорақысы күйеуінің немесе сүйіктісінің қолынан көз жұмған нәзік жандардың саны жыл санап, еселеп артуда.

Әрбір жетінші грузин әйелі күйеуінің немесе серігінің құрбанына айналған. Бұл 2018 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесі. Биылғы жылдың алғашқы 3 айында гүржі елінде осындай 207 зорлық-зомбылық оқиғасы болған.

Тамар Лукава, "Sapari" үкіметтік емес ұйымының заңгері:

- Грузияда әйелді қасақана өлтіру - фемицид көбейген. Сондай-ақ сексуалды зорлық күшейген. Үкіметтік емес ұйымдар осы қылмыстардың алдын алу үшін әйелдермен кездесіп, ақпарат беріп жүр. Біз оларға өз құқықтарын, зорлық жасалған не және қайда хабарласу істеу керектігін үйретеміз. Мұнымен мемлекеттік мекемелер де айналысады. Бірақ ол жеткіліксіз.

Биыл психологиялық қысым көрсету оқиғалары артқан. Зорлық танытуға ақша да себеп болып жатады. Қап тауы халықтарында әйелдерге ата-анасынан мұрагерлік берілмейді. Құнды нәрсенің бәрі ұлдарға табысталады. Әйел осы сәттен ер адамға тәуелді бола бастайды.

Элисо Амиреджиби, "Зорлыққа қарсы ұлттық желі" ұйымының атқарушы директоры:

- Бізге көп жағдайда экономикалық қысымға ұшыраған әйелдер хабарласады. Еркектер оларға "үйсіз, бала-шағасыз қаласың" деп қоқан-лоқы жасайды. Біз осындай үрей құшағында жүрген нәзік жандарға қаржылық жағынан дамуға көмектесеміз. Бізде түрлі мамандықтарды үйрететін курстар бар. Әрі қарай жұмысқа да тұруға септесеміз.

Мамандар зорлық көрсетіп жүрген ер адамның тәубесіне келетін жағдай өте сирек дейді. Мысалы, мынау Нана ерте тұрмысқа шыққан. Қазір оның жасы 37-де. 3 бала туған.

Нана, зардап шегуші:

- Күйеуіммен сөзге келіп қалдық. Ақыр соңында ол мені бетімнен ұрып, мұрнымды қанатты. Қорқып қалған мен полиция шақырдым. Сот оны түрмеге отырғызды. Мен баспанасыз қалдым. Бірақ зорлық-зомбылыққа төзеп жүре беруге болмайды. Жас қыздарға ерте тұрмысқа шықпауға кеңес беремін.

Нана әйелдерді паналату орталығына барып оңалтудан өтті, жаңа кәсіп игерді. Бақытына орай, ол күйеуімен қайта қосылды. Қазір тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Алайда мамандар мұндай бақытты сәттер өте аз дейді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина