Әлем елдерінде ауа райы тосын мінез танытып жатыр

Әлем елдерінде ауа райы тосын мінез танытып жатыр

Тайфун соңы лай көшкініне ұласты

Қытайдың Фуцзянь провинциясында «Доксури» тайфуны соғып, соңы алапат лай көшкініне ұласты. Салдарынан көшелер батпаққа батқан. Қоғамдық көлік қатынамайды. Апатқа байланысты 120 мың адам эвакуацияланған. «Доксури» биыл Қытайда тіркелген ең жойқын дауылдардың бірі болып отыр.

 

Аптап алқымнан алды

Американы аптап ыстық алқымнан алды. Шілденің ыстығы әсіресе Шығыс жағалауда өмір сүретін тұрғындарға қиын тиіп жатыр. Мұнда сынап бағанасы 40 градусқа жетеді. Нью-Йоркте де ұқсас жағдай. Алып шаһарда бұрын-соңды болмаған ауа температурасы тіркелді. Жергілікті жұрт су жағалап, көбірек көлеңкеде жүруге көшкен.

 

Орман өрті бақылауға алынды

Ал Сирияда орман өрті толық бақылауға алынды. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады. Қазір мамандар Латакия қаласы маңындағы өрт ошақтарын сөндіріп жатыр. Шам елінде күннің қатты ысуынан жасыл желекті жалын шарпып, жүздеген гектар алқап отқа оранған болатын.