Барселона қаласының жағажай құтқарушылары ереуілге шықты

Олар еңбек шартын жақсартып, техникалық базаның жаңаруын талап етті.

Жергілікті билік өтініштерін қанағаттандырмаса, жұмысқа шықпаймыз-деп отыр. Жазғы маусымда Испанияда туристер саны 85 млннан асқан. Егер жағажай құтқарушылары міндеттерін орындамаса, шомылушылардың суға кету қаупі жоғарлай түспек.

Жағажайда ине шаншар жер жоқ. Қазір Испанияның барлық аймағында осындай көрініс. Әрине турист көбейген мұндай кезеңде жағажай құтқарушыларының жұмысы еселене түседі. Ереуілге шыққан құтқарушылардың  талабының бірі - қосымша адам тарту. Себебі бір жұмысшы үш кісінің міндетін атқарып жүр

Сара Алонсо, ереуіл ұйымдастырушысы:

- Сегіз сағат бойы қырық бес градус ыстықта жұмыс істейміз, құтқарушылардың мол бөлігі терінің қатерлі ісігіне шалдығады. Одан бөлек - жергілікті билік үнемдеп, бес адамның жұмысын бір адамға жүктеп қойған, біз мұндайдан шаршадық.

Ереуілге шыққан жүздеген құтқарушы жағажайға адам маникенін ала келіпті. Бұл жұмыс - су жанында сенделіп жүру ғана емес, адам өмірін сақтап қалатын  жауапкершілігі мол мамандық дегенді меңзейді. Одан бөлек жағажайлардағы техникалық база да ескірген.

Андрей Агустин, құтқарушы:

- Қазір толқын қатты, салдарынан жағажайда қауіпті су қоректілері молынан жүр. Құр қолмен ештеңе істей алмайсың, техникалық мүмкіндіктеріміз аз. Осыны біз айтпасақ басқа кімге керек? Проблема ескерілмейінше ереуіл жалғаса береді.

Барселона билігі мәселе ушықпай тұрып, жағажай құтқарушыларымен келіссөз жүргізді. Қойылған талаптың бәрін орындамаса да, кейбір тұстарын қарастыруға уәде берген. 

Андрес Алварес, құтқарушылар кәсіподағы басшысының орынбасары:

- Кәсіподақ пен Барселона қаласының мэриясы бір мәмлеге келді. Жиырма алты құтқарушыға жағажайда 13 мұнара орнатылып, қажетті жабдықтармен қамтылмақ. Әр құтқарушыға арналған медициналық сақтандырудың аясын кеңейтуді қарастырамыз.

«Биліктің бұл уәдесіне еңбек ұжымы сақтықпен қарайды. Себебі туристер нөпірі басылысымен, атқарушы оған сертін орындамауы мүмкін»- дейді олар. Ал егер солай болған жағдайда, ереуілді Испанияның өзге аймақтарында жалғастырмақ. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач