Жасанды интеллект қаруға айнала ма? Шартарап

Жасанды интеллект адамзат үшін игілікке айнала ма әлде қиғылық салып, қиындық тудыра ма?

Бұл тұрғыда қазір әлемде екі түрлі көзқарас бар. Мамандардың бір бөлігі оның зиянды тұсын айтып, сақтандырса, екіншісі жасанды зерде, бұл үлкен мүмкіндік деп қарауға шақырады.

Жасанды интеллектінің пайда-зиянын анықтауға бізге зерттеушілер көмектеседі. Мәселен, Массачусетс университетінің ғалымдары жасанды интеллектіге негізделген бір құрылғы 284 тонна көмірқышқыл газын бөлетінін анықтаған. Бұл автокөліктің әбден ескіргенше ауаға шығаратын қалдығынан 5 есе көп. Бірақ бұған қарап жасанды зердені экологиялық қауіп деп біржақты қабылдауға әсте болмайды.

   

Жасанды интеллект теңсіздік тудырады

Бақылауға алынбаған жасанды интеллект жүгенсіз кетіп, әлемде экономикалық тұрғыда теңсіздік тудырады. Бұл – экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері Джозеф Стиглицтің пікірі. Ол «жасанды интеллектіні дамытуға ірі жұмыс берушілер мүдделі, бірақ жұмысшыларды нәпақасынан айырады» дейді. Ғалым лингвистикалық және гуманитарлық мамандықтардың бағы жанады деп болжайды. Стиглиц адамдарды заманға қажетті мамандықтарды игеру үшін қайта дайындау курстарынан үнемі өткізіп отыру қажет деп есептейді. Әлемдік деңгейдегі инвестициялық банк – Goldman Sachs жақында есеп жариялады. Онда АҚШ пен Еуропада 300 миллионнан астам жұмыс орны жойылады деп көрсетілген.

    

Жасанды интеллект қаруға айнала ма?

Ал Ұлыбритания премьер-министрінің технология мәселелері бойынша кеңесшісі Мэтт Клиффордтің жорамалы тіптен қорқынышты. Ол жасанды интеллектіні қазірден тізгіндеу қажет деп есептейді. Әйтпесе ол 2 жылдан кейін адамды жоюға көшеді. Клиффорд атом энергетикасын қадағалайтын МАГАТЭ сияқты жасанды интеллектіні бақылайтын халықаралық мекеме құруды ұсынды. Өйткені жасанды интеллектінің қарқынды дамып жатқаны сонша, жақын уақытта оның көмегімен кибер және биологиялық қару жасауға болады.

Мэтт Клиффорд, техникалық сарапшы:

- Жасанды интеллект біздің өмірімізге тек қана пайда келтіреді деп қабылдамауымыз керек. Ол үлкен қауіп те төндіреді. Осы қатердің алдын алу үшін мемлекеттер мен компаниялар бірігуі тиіс. Жасанды интеллект шекара дегенді білмейді. Біз оны ортақ бір құрылымға келтіріп, зиянынан гөрі пайдасын көбірек ала білуіміз керек.

 

Жасанды интеллект өрт сөндіруге көмектеседі

«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Жасанды интеллектіні қауіпті құралға айналдырмай, қазірден игілігін көрсетіп отырған ғалымдар да жетіп артылады. АҚШ-тың Калифорния штаты жасанды интеллектіні ормандағы өртті сөндіру үшін пайдалана бастады. Бұл үшін мамандар от шығатын жерді дер кезінде байқау үшін 1036 камера орнатқан. Бұл желіні Сан-Диегодағы Калифорния университетінің инженерлері әзірлеген.

Сюзан Лейнингер, жасанды интеллект маманы:

- Жасанды интеллект болмаса, бір адам бүкіл орманды күнде 24 сағат міз бақпай аңдып отыруы қажет. Бұл – мүмкін емес шаруа. Ал жасанды интеллектіге негізделген камералар күн-түн демей бақылап отырады, орманда шоқ, ұшқын пайда болса, түтін шықса, бірден дабыл қағады, өрт сөндірушілерді аяғынан тік тұрғызады. Бұл технологияны әлемнің кез келген жерінде орнатуға болады.

Нил Дрисколи, геология және геофизика профессоры:

- 5-6 жыл бұрын от тұтанған жерді анықтау үшін ол жаққа тұтас бөлімді жіберу қажет болатын. Бұған авиацияны жұмылдыру керек. Енді мұны камераны басқару арқылы бақылап отыруға болады. Жасанды интеллектінің мүмкіндігі мол. Бұдын былай оған қиял-ғажайып ретінде ғана қарауға болмайды. Соңғы жылдары климат қатты өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. Жасанды интеллектінің игілігін пайдалана білгеніміз абзал.

 

Жасанды интеллект қатерлі ісікті анықтайды

Жасанды интеллект сүт безінің қатерлі ісігін анықтауға көмектеседі. Бұл істі Швециядағы Лунд университетінің ғалымдары қолға алды. Олар зерттеу жұмысын осы тамызда ғана аяқтады. Швецияда жылына 1 миллионға жуық әйел маммографиядан өтеді екен. Мамандар бұл өте ұзаққа созылатын және жасалуы қиын іс дейді. Орташа алғанда бір рентгенолог 1 сағатта 50 скринді қарап үлгеруі керек. Жасанды интеллект осы жүктемені азайтады.

Кристина Ланг, Лунд университеті диагностикалық радиология кафедрасының доценті:

- Бұл – жасанды интеллектінің зор мүмкіндігін анық көрсеткен керемет зерттеу. Бәрі оны дұрыс, тиімді пайдалануға байланысты. Табысы орташа және төмен елдерге дәрігер мүлде жетіспейді. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы осы мәселені біржола шешуге болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылы әлем бойынша 2 миллион 300 мың әйелден сүт безінің қатерлі ісігін анықтаған. Содан бері 685 мың адам аталған аурудан қайтыс болған. Халықаралық «МакКинзи» консалтиң компаниясы жасанды интеллекті жыл сайын әлемдік экономикаға 22 триллион доллар кіріс әкеледі деп есептейді. Бұл – АҚШ экономикасының қазіргі әл-ауқатына тең көрсеткіш.