Суданда 200 аурухана жабылып қалды

Суданда дәрі-дәрмек тапшы.

Сонымен қоса тұрғындардың медициналық көмек алу жағы да қиындаған. Өйткені қазір 200-дей аурухана жұмыс істемей тұр. Бәріне көктемде басталған қарулы қақтығыс себеп. Жанжал Шығыс Африкадағы бұл елде бұрыннан бері жалғасып келе жатқан гуманитарлық дағдарысты ушықтырып жіберді. Соның салдарынан бүгінде дәріден бөлек елде азық-түлік те тапшы.

Сами Талат, волонтер:
- Бүгін жарақат алған әйелдерді ауруханаға алып барып едік. Ол жабық тұр екен. Сөйтіп дәрігер таппай әлек болдық. Жұмыс істейтін емхана іздеп жүргенімізде бір келіншек қайтыс болып кетті.

Ауғанстанда да дағдарыс ушығып барады. Елде 42 миллиондай адам болса, бүгінде соның 29 миллионы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда, мұнда ашқұрсақ жүргендер тым көп. Бүгінде Ауғанстанда 3 миллион бүлдіршін, 800 мың жүкті және бала емізетін әйел тойып тамақ ішпейді. Екі жыл бұрын билік басына тәліптер келгеннен кейін мұнда шетелдік донорлардың көмек көрсету жағы қиындаған.